Accessibility links

Қазақстан мен АҚШ арасындағы қорғаныс саласындағы әріптестік туралы пікірлер қандай?


Америка Құрама Штаттарының Қорғаныс министрі Дональд Рамсфелдтің Қазақстанға сапарына орай саясаткерлер мен қарапайым жұртшылықтың білдіріп отырған пікірлері әрқилы.

Саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Марат Биекенов, АҚШ пен Қазақстан арасында соңғы кездері әскери салада байланыстардың нығайып келе жатқандығын айтады. Ол, Америка Құрама Штаттары соңғы кездері Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға ықпалын күшейткісі келеді деген пікірде.

-Меніңше, Американың қойып отырған жоспарлары бар. Қазақстан үлкен мелекеттердің ортасында тұрғаннан кейін геосаясатымызда бір жағынан Ресейдің, бір жағынан Қытайдың саясатын да ойлануымыз керек.

Біз тек қана АҚШ-тың саясатына ере бермей, өзіміздің саясатымызды біліп, дүниежүзінде дұрыс өткізуге тырысуымыз керек,-деді ол.

Марат Биекеновтың айтуынша, АҚШ-тың қорғаныс саласындағы әріптестіктен басқа да мүддерлері бар.

- Біраз уақыт кеңес одағында болдық, Қазақстанменен Орталық Азияда Ресейдің де мүддесі бар. Ресей осы мемлекеттерді өз назарында ұстауға тырысады. Америка да , өз қатысын күшейтуге тырысып отыр.

Ал, Парламент Сенатының депутаты Жабайхан Әбділдин Қазақстан Республикасы көп жақты саясатты ұстанғандықтан Америка Құрама Штаттарымен де жақсы болуы керек дейді.

-Америка ең бай, бізге инвестиция жасап жатқан елдің бірі. Сондықтанда біздің Америкамен де жақсы болғымыз келеді. Америкадан үйренетін жағдайлар болатын болса, олардың кейбір жағдайларын білуге, олармен бірге жаттығаулар өткізуге болады. Біздің саясатымыздың негізі-Қазақстанның қауіпсіздігі,- деді ол.

Бұл мәселеде қарапайым жұртшылықтың пікірі біржақты деу қиын. Астана тұрғыны Айсұлу Оспанова АҚШ-пен әскери ынтымақтастықтың Қазақстан үшін пайдасы жоқ деп есептейді.

- Мемлекеттер болғаннан кейін қорғаныс саласында араласу, ынтымақтастық керек деген түсінікті нәрсе. Бейбіт өмірде болған жақсы. Бірақ сонау жақтан келіп жатқанда біздің мақсатымызды ойлап отырған жоқ. Олардың өздерінің діттеген мақсаты бар,- дейді ол.. Ал, Кенже Жұмағұл атты азаматтың пікірінше, екі елдің қарым-қатынасында қорғаныс саласының маңызы бөлек.

-Жаңа тәуелсіздігімізді алып жатқан халықпыз ғой. Ал, қорғаныс оның ішінде бірінші орында тұру керек. Сондықтан Қазақстанның қорғаныс саласынан Америкаға, Ресейге шығып жатқанының еш артықтығы жоқ, -дейді Кенже Жұмағұл.

Ал қазақстандық сарапшылар болса, қалай дегенмен де, ғаламдану дәуірінде мұндай қарым-қатынастардың өрістей түсетінін айтуда.
XS
SM
MD
LG