Accessibility links

Қазақстан үкіметі республика облыстарында апатты жағдайдағы тұрғын үйлерге техникалық санақ жүргізуге тапсырма берді.

  • Сәуле ОМАР

Қазақстан үкіметі республиканың барлық облыстарында дерлік апатты жағдайда тұрған тұрғын үйлерге техникалық санақ жүргізуге тапсырма берді. Бұл жөнінде 24- ақпан күні ҚР үкімет басшысының бірінші орынбасары Григорий Марченко мәлімдеді.Оның айтуынша, бұл жұмыстар бір жылдың көлемінде атқарылып бітуі тиіс. Осы уақыт аралығында тұруға қолайсыз үйлер құлатылып, ал ондағы тұрғындарды басқа үйлерге көшіру қажет. Және де аталған мақсатқа қажетті қаржы бірінші кезекте облыстық деңгейде бөлінуі керек. Алайда, мамандар пікірінше, қазірде бір ғана Алматы қаласындағы 7137 үйдің 1047-і апатты жағдайда тұр. Ал ондағы тұрғындарды басқа үйлерге көшіруге қажетті 34 млрд теңге көлеміндегі қаржыны жергілікті бюджеттің көтеруі мүмкін емес.

Қазақстан үкімет басшысының бірінші орынбасары Григорий Марченконың айтуынша, республика аумағындағы тұрғын үйлер 1996- жылдан бері техникалық санақтан өткізілмеген. Сондықтан да, дәл қазір қанша үйді құлату қажеттілігіне қатысты нақты ақпарат жоқ, және де қолда бар ақпараттың өзі сан- алуан. Сонымен қатар, бұл санақ елде күрделі жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлер мен жер сілкінісіне төтеп беру қабілетін арттыруды талап ететін үйлердің нақты санын анықтау үшін де қажет болып отыр. Соңғы аталған 2 топтағы үйлер таяуда үкімет отырысында талқыланатын тұрғын үй бағдарламасы аясында жөндеуден өтетін болады.Ал, апатты жағдайдағы үйлер мәселесі жергілікті жерлердің құзырына беріліп отыр. Ал, өз кезегінде Алматы қалалық әкімшілігі тұрғын- үй шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Елена Симонова Алматы қаласы бойынша техникалық санақ жұмыстарының 2002- жылы жүргізіліп, соның негізінде қалалық деңгейде 2010 жылға дейінгі арнайы тұрғын үй бағдарламасы қабылданғанын айтады. Санақ қорытындысы бойынша, қаладағы 7137 үйдің 1047- і апатты жағдайда екені, сондай-ақ, 2385 үйдің күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталған. Бұның ішінде тек апатты жағдайдағы үйлер мәселесін шешу үшін 34 млрд теңге қажет болып отыр.

Қалалық әкімшілігінің өкілі Елена Симонова аталған бағытта Алматы бойынша арнайы тұрғын үй бағдарламасы қабылданғанымен, оған қажетті қаржыны қала бюджетінің көтере алмайтынын айтады. «Қалай болғанда да, бұл мәселеге міндетті түрде республикалық бюджет қатыстырылуы» керек дейді ол.

Ал, Қазақ мемлекеттік сәулет, сейсмологиялық беріктік ғылыми- зерттеу және жобалау институтының маманы Анвар Таубаевтың айтуынша, негізінен, қазірде Алматыдағы жарамсыз деп танылған үйлер қатарында өткен ғасырдың 60- жылдарына дейін соғылған үйлерді атауға болады. Олардың санатында жеке тұрғын үйлермен қатар, қабырғасы ағаш пен қамыстан қаланған екіқабатты үйлер де бар. «80- жылдарда ол үйлер қаланың бас жоспарына сай құлатылып, орнына жаңа үйлер салына бастаған болатын, бірақ бертін келе, белгілі себептермен ол жұмыс тоқтап қалды» дейді Анвар Таубаев.

Анвар Таубаевтың пікірінше, қазіргі жағдайда, егер үкіметтен оған тиісті қаржы бөлінер болса, бір кездері тоқтаған жұмысты ,әрине, қайта жалғастыруға болады. Маман жеткілікті , бар мәселе тек қаржыға тіреліп тұр. Және де бұл жұмыстарда сонда тұратын тұрғындар талабы да ескерілуі керек.
XS
SM
MD
LG