Accessibility links

ҚР Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Қазақстан ядролық заттарды заңсыз таратуға қатысты емес деп мәлiмдедi


Қазақстанның Ұлттық қауiпсiздiк комитетi шет елдерге заңсыз жолмен ядролық материалдар жеткiзуге Қазақстанның қатысы бар екендiгi туралы АҚШ-ның бiрқатар басылымдарында жарияланған мақалаларды жоққа шығарды. Айта кетейiк, сөз болып отырған шатақтың мән-жайымен «Азаттық» радиосы ақпанның 23-i күнi таныстырған болатын. Ал ҚР Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң мәлiмдемесiнде Америка Құрама Штаттарының әкiмшiлiгi күдiк келтiрiп отырған “SMB Computes” компаниясының Қазақстандағы ядролық материалдармен экспорттық, импорттық операциялар жүргiзуге рұхсат берiлген ұйымдар тiзiмiнде жоқ екенi айтылады.

Бұл туралы аталған мекеменiң баспасөз қызыметiнiң кеңесшiсi Мұхтар Анарбеков хабарлады: “Жүргiзiлген тексерiс нәтижесiнде Қазақстан Республикасында аталған компания мен оның филиалдарының тiркелмегендiгi анықталды. Шет елдiк газет мақалаларында көрсетiлген азаматтар 2000-2004 жылдарда Қазақстанда болмаған. Сондай-ақ, мәлiм болып отырған деректер әлгi мақалалар тексерiлмеген ақпарларға негiзделген деген байлам жасауға толық мүмкiндiк бередi”.

Қазақстанның Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiнiң Атом энергетикасы жөнiндегi комитетiнiң төрағасы Тимур Жантикиннiң айтуынша да, “SMB Computes” компаниясына ядролық материалдарды экспорттауға комитет тарапынан лицензия берiлмеген.

Алайда, ол сөз арасында Қазақстанда аталған компанияның бөлiмшесi бар екенiн айтып қалды; “Алматыда “SMB Computes” компаниясының филиалы болғанмен атом энергиясын пайдалану тұрғысынан алғанда бiздiң уран кәсiпорындарымен байланысы жоқ. Шет ел басылымдарындағы ақпараттың қайдан алынғанын бiлмеймiз”.

Қазақстанның Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң мәлiмдемесiнде ядролық материалдардың заңсыз жолмен таратылуы мүмкiн еместiгi айтылады. Онда: “Қазақстан мен Атомдық энергия жөнiндегi халықаралық агенттiк арасындағы келiсiмге сәйкес, республиканың барлық ядролық материалдары және Қазақстанның заңдық құығы қарамағындағы барлық материалдар аталған халықаралық ұйымның кепiлдiгiне қойылған”,-- делiнедi.

Ал Атом энергетикасы жөнiндегi комитеттiң төрағасы Тимур Жантикин болса, ядролық материалдардың шет елдерге астыртын түрде жiберiлуi мүмкiн екенiн жоққа шығармайды. Оның сөзiмен айтқанда; “ Ондай жағдай мүмкiн. Неге десеңiз, лицензия алмай атом энергиясын пайдалану жұмыстарын жасап жүрген компаниялардың сотқа тартылған кездерi болған”.

Естерiңiзге сала кетейiк, Қазақстанның шет елдерге ядролық материалдарды заңсыз жеткiзуге қатысы болуы мүмкiндiгiн жазған шет ел басылымдары АҚШ әкiмшiлiгiнiң баспасөз қызметiне сiлтеме жасаған болатын. Америка Құрама Штаттарының президентi Джордж Буш бас кеңсесi Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнде орналасқан “SMB Computes” компаниясы ядролық қару жасайтын заттарды таратумен және арам ақшаны заңдастырумен айналысады деп айыптаған болатын.

“Навигатор” интернет-газетi шри-ланкалық азамат Бұхари Әбу Тахир басқаратын “SMB Computes” компаниясының Алматыдағы кеңсесi деп бiр ғимыраттың суретiн басып отыр.
XS
SM
MD
LG