Accessibility links

Қазақстанда адам саудасының жайы алаңдаушылық туғызып отыр


Қазақстанда пәрмендi шаралар қолға алынбаса адам саудасы үлкен мәселеге айналып кетуi мүмкiн. Бұл туралы ақпанның 27-i күнi Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi мекемеаралық комиссиясының мәжiлiсiнде айтылды. Үкiмет жанынан құрылған бұл комиссияға түрлi министрлiктер мен үкiметтiк емес ұйымдардың, қоғамдық құрылымдардың өкiлдерi кiредi.

Көшi-қон жөнiндегi халықаралық ұйымның Қазақстандағы өкiлi Айнұр Базарбаеваның айтуынша, Қазақстан адамдарды заңсыз әкететiн әрi заңсыз әкелетiн және адам саудасының транзиттiк жолында жатқан мемлекет. «Оның үстiне адам саудасының iшкi айналымы да байқалып отыр. Қазақстандағы адам саудасының құрбандары негiзiнен жас әйелдер болып келедi. Шетел асырылып жатқан олар сексуалдық мақсаттарға пайдаланылуда. Сондай-ақ Қазақстанға Өзбекстаннан, Қырғызстаннан осы мақсат үшiн қыз-келiншектердi әкелу оқиғалары да бар .Бұған қоса жұмыс күшi ретiнде ер адамдарды да шетке әкету оқиғалары орын алып отыр», -- дейдi Айнұр Базарбаева.

Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң халықаралық құқық басқармасының бас маманы Қарлығаш Қондыкерева осы жылдың 24-шi ақпанында Қазақстан Үкiметi Адам саудасымен күресу және оның алдын алу шараларын бекiткенiн жеткiздi.

Қондыкерева ханымның айтуынша, Адам саудасына қарсы күрес бағдарламасы министрлiктер мен мемлекеттiк мекемелердiң осы бағыттағы iс-қимылын үйлестiру мақсатын көздейдi. Сарапшылардың деректерiне қарағанда, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiнде адам саудасы қару-жарақ және есiрткi бизiнесiнен кейiн үшiншi орында тұр. Әдiлет министрлiгiнiң мәлiметi бойынша өткен жылы Қазақстанда қылмыстың осы түрiне қатысты 6 рет iс қозғалған. Мәжiлiске қатысушылардың қайсыбiрiнiң пiкiрiнше, мұның өзi шынайы жағдайды сипаттай алмайтын жайт.

Ал, бiзбен пiкiр бөлiскен жұртшылық өкiлдерi адам саудасын жиырма бiрiншi ғасырдың ең сорақы құбылыстарының бiрi деп есептейтiндiктерiн айтты.
XS
SM
MD
LG