Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03-02 -2004 жыл


Мерзімді басылымдарда, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға ресми іссапармен келгендігіне, Коммунистік партияның арасындағы туындаған дау-дамайға және Алматы қаласында азаматтық қорғаныс күніне орай жаттығу ойындарының болып өткендігі туралы мақалалар жарық көріпті.

2 наурыз күнгі жарық көрген мерзімді басылымдар Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға ресми іссапармен келгендігіне, Коммунистік партияның арасындағы туындаған дау-дамайға және Алматы қаласында азаматтық қорғаныс күніне орай жаттығу ойындарының болып өткендігіне баса назар аударыпты.

“Егемен Қазақстан” газетінің сейсенбілік санында Әзірбайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылау барысында екі елдің іске қосылмай жатқан мүмкіндіктері жеткілікті екендігіне тоқталып, оны дамытуға осы жылдың 27-28 ақпанында өткен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан - Әзірбайжан үкіметаралық комиссиясы жұмысының тиімді болатынына сенімді екендіктерін білдіргендігі сөз болыпты. Мақала авторының айтуынша, кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әзірбайжандық компанияларға өз рыногындағы қызметін кеңейтуге қолдау көрсетуге әзір екендігін білдіріпті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Әзірбайжан Республикасының Астанадағы елшілігін ашуға жәрдемдесетінін атап өтіпті.

“Известия Казахстан” газетінің ақпараттар ағымында екі ел президентінің мұнайгаз бен көлік саласындағы қызметті қалай реттеу керектігі жөнінде ой бөліскендігі айтылыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Баку-Тбилиси- Жейхан мұнайқұбырын Қазақстан мұнайын тасымалдайтын жобалардың бірі ретінде атап, оның жүзеге асуына қызығушылық танытатындардың көп болатындығына сенім білдіріпті.

Қазақстан Коммунистік партиясының арасындағы туындап жатқан дау-дамай да мерзімді басылымдардың назарынан тыс қалмапты. Әсіресе бұл тақырыпқа “Жас алаш” пен “Комсомольская правда Казахстан” газеттері айрықша көңіл бөліпті. “Жас алаш” газетінің сейсенбілік санының бірінші бетінде осыған орай “Қазақстанда тағы бір коммунистік партияның іргетасы қаланып жатыр” деп алататын Ермек Мұратұлының мақаласы жарық көріпті. Мақала авторының айтуынша, компартия мүшесі болған Әли Сабыров пен Владислав Косарев Қазақстан Коммунистік партиясының басшысы Серікболсын Әбділдиннің біржақталығын айтып, өз еріктерімен партбилеттерін өткізгендерін жариялапты. Мақала авторы тағы бір коммунистік партияның жасақтала бастауын жақсы ырым емес деп пайымдайды. Оның айтуынша, парламент депутаттары Сорокин мен Әбділдиннің арасындағы араздық күздегі келе жатқан Мәжіліс сайлауына әсер етуі мүмкін.

Осы тақырыпты жалғастырған “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында бұл дау-дамайдың желтоқсан айындағы пленумда Қазақстан Коммунистік партиясының хатшысы болып Төлен Тоқтасыновтың сайланғандығынан басталғандығы баяндалыпты. Ал, Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, Қазақстан Коммунистік партиясы біреу-ақ және оның ыдырауына жол берілмейді.

1 наурыз – халықаралық азаматтық қорғаныс күні. “Комсомольская правда Казахстан”, “Алматы ақшамы” және “Экспресс К” газетінде Алматы қаласында осыған орай жаттығу ойындарының болып өткендігі баяндалыпты.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жаттығу ойындарының өткендігі баяндалып, Алматыда күшті жер сілкінісі бола қалған жағдайда қаладағы үйлердің 40 процентінің жермен-жексен болатындығы туралы қорытынды жасалыныпты.

“Алматы ақшамы” газетінің сейсенбілік санында бұл жаттығу ойындарының Алматы қаласының әкімі – Азаматтық қорғаныстың бастығы Виктор Храпуновтың басшылығымен өткендігі хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, “Сақтық – 2004” командалық-штабтық жаттығуы сағат 10 да Алматы қаласының дағдарыс орталығында басталған. Республика алаңындағы жаттығу үшін, бөлінген үйде апаттан биік ғимаратта өрт шыққан жағдайда құтқару және басқа да шұғыл жағдайларда қолданылатын әдістер көрсетілген. Сондай-ақ тікұшақпен “зілзала орын алған аумақта” барлау жұмыстары жүргізіліп, фотокамераларға түсірілген.

Ал, “Экспресс К” газетінің тілшісі Андрей Мануиловтың хабарлауынша, Алматы қаласындағы жер сілікінісіне байланысты болған жаттығу ойындарын Медеу аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің өкілдері қатты сынға алған. Олар, “егер де жер сілкінісі шын мәнісінде орын алған жағдайда, мектеп ғимаратындағы балалардың ешқайсысы да аман қалмас” еді деген сыңайдағы қорытынды жасаған. Мақала авторының айтуынша, ойын нәтижесін қорытындылаған Алматы қаласының әкімі Виктор Храпунов қоғамдық- әлеуметтік маңызы зор үйлерді нығайту үшін жұмыстардың жасалатындығын, бұл жобаны жүзеге асыру үшін 26 миллион теңгенің қажет екендігін мәлімдепті.
XS
SM
MD
LG