Accessibility links

Қазақстанда Еңбек Конфедерациясы құрылды.


Қазақстанның еңбек саласында кездесетін феодалдық қатынастардан қалай арылуға болады? Осындай ұранды ұстанған Қазақстанның 110-ға тарта кәсіподақ өкілдері 2- наурыз күні Алматыда бас қосып, республикалық деңгейдегі еңбек Конфедерациясын құратындарын мәлімдеді. Ондағы мақсат- кәсіподақ жұмыстарын қайта жандандырып, оны нарықтық қатынас жағдайына икемдеу болып отыр. «Біз үшінші мыңжылдықта қарқынды өзгерістер нәтижесінде алдыңғы қатарда дамушы мемлекетте, алайда, еңбек саласында феодалдық қатынаста қалған қоғамда өмір сүрудеміз» дейді бастама көтерушілер.

Қазақстанда еңбек заңының бұзылуы күнделікті жағдайлардың біріне айналып барады. Жұмыс берушілер тарапынан жұмысшылар құқының сақталуын қадағалайтын және осы екіортадағы байланысты үйлестіріп отыратын бір кездегі кәсіподақ ұйымдары бүгінде жабылудың алдында тұр. Бұл проблеманың өзектілігі- сол кәсіподақтарды бүгінгі нарықтық жағдайға сай қайта құрып, жұмысын жандандыру дейді жаңа құрылған еңбек Конфедерациясы ұйымы үйлестіру тобының тең төрағасы, мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов: «Қазақстанда «Еңбек туралы» заң бар. Бірақ, кейбір жұмыс берушілер сол заң талаптарын бұзып, ойындағысын істейді. Еңбек бағалануы керек, жұмысшының қауіпсіздігі сақталу керек»дейді.

Осы бағытта аталған заңға қатысты Қазақстан парламентіне ұсыныс жасауды межелеп отырған Конфедерация мүшелері, содан соң алда болатын парламенттік сайлауда күш біріктіріп, мәжілістен орын алуға тырысатындықтарын да жасырмайды. «Біздің қатарымызға ғалымдар, академиктер де қосылды. Қазір сол «Еңбек туралы» заңмен жұмыс жасап жатырмыз. Ұсыныстарды пысықтаудамыз. Сосын алдағы сайлауда мәжіліске өз мүшелерімізді өткізуге күш саламыз» дейді Серік Әбдірахманов.

Өз кезегінде Кентау қаласындағы еркін кәсіподақ одағының жетекшісі Қалымбек Бәйтілесов: «Қазірде шын мәнінде де кәсіподақ ұйымдарының қолында ешқандай күш жоқ, сондықтан да олар бірігіп әрекет етуі керек. Мысалы, біз өз тарапымыздан Кентаудағы «Суарна» мекемесімен, ондағы жұмысшылар мәселесіне байланысты туған келіспеушілікті шешу үшін бірнеше рет ымыраға келуге тырыстық, бірақ олар біздің ұсыныстарымызға құлақ аспайды. Егер біріккен бір ұйым болса, мүмкін олар қаймығар ма еді» дейді.

Ал, Кентау қалалық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сұлтан Жабанов болса, еңбек заңының бұзылуына қатысты көп жағдайда мәселе жұмысшының өзіне де байланысты дегенді айтады. «Яғни, әр азамат өз құқын біліп қана қоймай, оны жұмыс берушіден талап етуі керек. Бізде құлдық психология бұрыннан сақталған. Егер жұмыс беруші, менің ережеммен келіспесең, орныңды босат, жұмыссыз жүргендер көп десе, олар да ойлану керек, ол көшеде жүрген жұмысшылардың бәрі бірдей маман болмауы мүмкін. Сондықтан, әр адам ештеңеден қорықпай, өз құқын талап ете білуі тиіс. Өйткені, жұмысшы басқа біреу менің құқымды қорғайды деп қарап отырған жағдайда кәсіподақ ұйымдары да қауқарсыз болады»дейді Сұлтан Жабанов.

«Жалпы, жұмыс беруші тарапынан республика азаматтары еңбек құқының сақталмауына кей жағдайларда Қазақстанға сырттан келетін арзан жұмыс қолының көптігі де септігін тигізіп отыр. Ал, бұл мәселе нақты үкімет тарапынан реттелуі керек» дейді Қазақстанның еңбек Конфедерациясын құрушылар.
XS
SM
MD
LG