Accessibility links

Саясаткерлер саяси атақтарына қанағаттана ма?

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Орталық Азия зерттеулер агенттігі мен ұлттық «Казрейтинг» агенттігінің жүргізген сауалнамасы бойынша 2003 жылдың саясаткері болып Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев танылған. Ал жыл оппозиционері атағына іліккен азаматтар – тәуелсіз журналистер Сергей Дуванов пен Ермұрат Бапи және Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Төлен Тоқтасынов. Жоғарыдағы екі журналист те сот үкімімен қылмыстық, әкімшілік жазаға тартылған. Сергей Дувановты кәмелетке толмаған қызды зорлады деген айыппен үш жарым жыл бас бостандығынан айырса, бүгінде ол шартты бостандықта жүр. Ал Ермұрат Бапи болса, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген айыппен сот шешімімен бес жыл кәсіби қызметімен айналысуына шектеу қойылды. Біз Ермұрат Бапидан «жыл оппозиционері» атағын иемденгеніңізге келісесіз бе деп сұрағанымызда, оның жауабы төмендегіше болды



– Билікке қарсы топ деген сөздің бәрін билік құбыжық сияқты көрсеткісі келеді. Халық жауы деп, елге бір жамандық ойлап жүрген әлеуметтік топ ретінде көрсеткісі келеді. Ал түптеп келгенде ол өркениетті әлемнің ажырамас бөлігі. Егер де мені «жыл оппозиционері» ретінде көрсетіп жатса оған менің қарсылығым жоқ.



Ал, ең шатақшыл саясаткер ретінде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың аты-жөні аталған. Бұл бағаға Әбілқасымовтың өзі былайша жауап береді:



– Ерлан Қарин басқарған мекеме ең шатақшыл саясаткер депті. Ерлан Қариннің өзі «Асарға» барып, халықты таптап, басар мәселесіне көшіп отыр деп ойлаймын. Сол себептен шатақты біздің мемлекетке бастап жатқан өзі ма деп ойлаймын.



Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиеваны ең сүйкімді саясаткер деп таныған. Оған Зағипа Балиеваның көзқарасы қандай?



– Өзімді сынап, өзіме баға беру қиын ғой. Егер олар солай деп жатса, рахмет!



Ал ең білікті, өткелді бұзып өтетін саясаткерлердің ішінде «Ақ жол» партиясы тең төрағаларының бірі Әлихан Байменовтің аты аталған. Әлихан Байменов мұны «ақ жолдықтардың» еңбегі дейді.

«Білікті, саясаткер деп айтқаны, ол біздің партияның саяси партиялардың арасындағы ерекшелігін де көрсететін білгір шығар», – дейді Әлихан Бәйменов.



Алған бетінен қайтпайтын саясаткерлерге оппозиция өкілі Әміржан Қосановтың, Мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағамбетовтің және Балташ Тұрсымбаевты жатқызған. Оған Әміржан Қосанов былайша пікірін білдіреді: «Мұны біз абсалюттік дәрежеде қабылдамаймыз. Бірақ ескеруімізге болады. Принціпшіл деп атаса, онда бұның жаны бар шығар. Мен 1998 жылдан бері Қазақстандағы демократияға байланысты, Қазақстандағы орын алып отырған саяси ахуалға байланысты мен көзқарасымды әлі өзгерткен жоқпын».



Сонымен қатар зерттеулер агенттіктерінің қорытындысы бойынша, өткен жылдың көңіл қалдырарлық саяси жағдайы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң жобасы төңірегіндегі пікірталас пен оған енгізген түзетулер және бұрынғы Павлодар облысының әкімі, Демократиялық таңдау қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі Ғалымжан Жақияновтың бостандыққа шықпауы. Сондай-ақ, сауалнама нәтижесінде өткен жылдың ең сәтсіз саяси оқиғасы ретінде Еуропарламенттің ақпанның 13-і күні Қазақстанға қатысты қабылдаған Резолюциясы аталған.
XS
SM
MD
LG