Accessibility links

Шет мемлекеттерден Қазақстанға заңсыз келетін азаматтар саны артып отыр


Алматы қалалық көші-қон полициясының деректері бойынша Алматы облысы аумағына шет елдерден заңсыз келетін азаматтар саны ұлғайып отыр. Алматы қалалық көші-қон полициясының бастығы Талдыбек Асқарұлының мәліметіне қарағанда, көрші мемлекеттерден заңсыз жолмен түрлі жұмыс істеуге, сауда-саттықпен айналысуға келген азаматтардың саны өткен жылдармен салыстырғанда 2003 жылы 5 пайызға артып, келген азаматтардың 6883-і әкімшілік жауапқа тартылған. Алайда, бұл тек құқық қорғаушы орган қызметкерлерінің қолына түскендері ғана. Ал бой тасалап, тіркелмей жүргендер жайлы нақты мәлімет жоқ.

-2003 жылы біздерде әкімшілік жауапқа тартылған 6883 адам. Оның 364-і шет ел азаматтары, 2309-ы ТМД азаматтары. 4210 адам түрлі ұйымдардың шақыруымен келгендер. Біздің елде Түркия, Қытай, Еуропа және ТМД елдерінің ішінде Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарын көптеп кездестіруге болады. Осы орайда, Қазақстан аймағына шет ел азаматтарының көптеп ағылып келуі шекарада парақорлық пен жемқорлықтың кең қанат жаюына, адам құқығының бұзылуына, Қазақстанда арзан жұмыс күшінің пайда болуына әкеп соғып отыр,-дейді депутат Серік Әбдірахманов мырза.

-Шекараны бақылаушылар шекараны ашып тастап, жеке бастарының күйін күйттеп кетті. Кішкентай ақшаның шетін көрсе болды кім көрінгенді өткізіп, білгендерін істеп жатыр. Істегендерінің бәрі қылмыс. Жекелеген фирма қожайындары азаматтарды шеттен алып келіп саудалап, тегін жұмыс күші ретінде пайдалануда. Осы орайда үкіметтің не ойлап отырғанын мен білмеймін.

Сырттан келіп саудамен айналысып жүрген азаматтардың барлығы да өздерінің шекара асып, шет жерде сауда жасап жүргендіктерін экономикалық жағдайдың қиындығымен байланыстырады. Тәжікстан азаматының пікіріне қарағанда, Қазақстанда саудамен айналысып күн көруге болады.

-Өзімнің бақшамда өсірген өнімді әкеліп сатып отырмын. Ешкімге зиянымыз жоқ.



Ал келесі үш айдан бері Алматыда жұмыс істеп жүрген тәжік азаматының пікіріне қарағанда, Қазақстанға келіп жұмыс істеп, тоя тамақ ішуге болады.



-Бұл жерде жақсы. Нан көп, тоя тамақ ішуге болады. Біздің елде жағдай сәл қиындау. Әрине бұл жерде де әртүрлі қиындықтар болады.



Келесі сұхбаттасымыз өзбек азаматы өз жағдайын жұмыссыздықпен байланыстырды.

-Біздің елде негізі оқығандарға жұмыс бар. Ал мен оқымағанмын.

Осы орайда қарапайым қазақстандықтар сырттан келген жұмыс күшіне қалай қарайды? Арман есімді жігіттің пікірі төмендегідей болды.

-Мен сырттан келген жұмыс күшіне қарсы емеспін. Бірақ оларды қадағалайтын орындар болу керек. Олар мұнда келді ме тіркелуі керек, қашан, қайдан келді бәрі жазулы тұру керек. Олар бағынатын заң болса ешкімде қарсы болмас. Олар келіп елге кіріп алған соң, не істейді өздері біледі. Олармен ешкімнің шаруасы болмайды.
XS
SM
MD
LG