Accessibility links

Елдегі дәстүрлі тиымдарға орай Ауған әйелдері медициналық көмекке де қол жеткізе алмай отыр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Талибан билігінің бұдан екі жыл бұрын құлатылғанына қарамастан Ауған ер-азаматтары өз әйелдерінің ауруханаларға барып көрініп, ем қабылдауына тиым салып отыр. Тіпті АҚШ-тың бастауындағы коалиция құрамында қызмет етуші Ауған жасақтары да әйел-аналардың ауруханада жатқан балаларына келуіне рұқсат бермеуде

Азаттық радиосының тілшісі Рон Синовицтің жазуынша, мұндай өрескел қылықтар, әсіресе Қабылдың солтүстігіндегі Бағрам әуе жайында орналасқан АҚШ-тың Әскери ауруханасында айқын байқалуда. Бұл аурухана Америка әскерилерімен қатар, түрлі жарылыстардан, шайқастардан жарақат алған қарапайым тұрғындарға да қызмет көрсетеді екен. Алайда аурухананың бас медбикесі, полковник Жуди Трейсидің сөзіне қарағанда, ауған ерлерінің ішінен санаулы ғана адам өз әйелдерін ертіп келіп, осы медициналық орталыққтан көмек алған. Тіпті тұтас үй жарылысқа душар болып, отбасы мүшелері дәрігерге көрінуге келген жағдайда да, олардың ішінен әйелдерді кездестіру қиын болуда. Ең күйініштісі сол, әлгі жазықсыз әйелдер болмашы жарақат немесе мардымсыз сырқаттарының өзін үйде жатып асқындырып алып, көз жұмып жатады екен. Жуырда мұнда бір өзгеше жағдай болыпты.

Зорлықпен тұрмысқа берілген әйелді күйеуі күн көрсетпей ұра бергеннен кейін ол өз-өзіне өрт қойып, бұл жарық дүниемен қоштасуға бел байлаған ғой. Ауған ресми өкілдері бұл әрекетті байқап қалып, әлгі әйелді осы Бағрам базасындағы Әскери ауруханаға жеткізген екен. Әйел есін жиып, беті бері қарағаннан кейін, болған оқиғаны оның өз аузынан естімек болады ғой, аурухана қызметкерлері. Сөйтсе әлгі байқұстың сөзін ағылшыншаға аударып беретін бұл маңайда бірде-бір аудармашы жоқ боп шығады. Ал, базадағы тілмаш ауған ер-азаматтары алдында ол әйел өз проблемасын әңгімелеуге пейіл білдірмепті. Мәселенің қиындығы сонда, Ауған азаматтары тіл білетін өз әйелдерінің аурухана тұрмақ, халықаралық қайырымдылық ұйымдарында тілмаш боп жұмыс істеуіне рұқсат бермеуде.

Ауған еразаматтарының мұншама шошынысты күйде болатын себебі, Совет басқыншылығы жылдарында Қызыл әскерлер ауған әйелдерін мауық басу сыңайында пайдаланған боп шықты. Сондықтан шетелдік еркек атаулыға деген бұл елде күдік әлі мығым күйінде тұр. Мұның бәрінен де сорақы тағы бір жағдай бар екен. Түрлі жарылыстар мен атыстардан зардап шеккен қарапайым тұрғындар да осы ауруғанаға келіп ем қабылдайды. Солардың біразы- балалар екен. Оларға ер туыстары, әкелері келеді де. Ал, әлгі бүдіршіндер, сөз жоқ аналарының келуін күтіп, көздері жәудіреп жатады екен. Ал, олардың бұл жаққа аяқ басуына жол жоқ. Бұл жөнінде бас медбике Трейси ханым:



“Бізде аса ауыр жағдайдағы сырқат балалар бар. Оларға аналарының ешқашан келмейтіндігін де бір күні байқадық. Сол балалардың бірінің әкесі ауруханаға жиналған сәтінде оның шеркөңіл анасы да бірге келмекке ниет білдірген ғой. Сөйтсе, ол адам әйелін үй дарбазасының алдынан кері қайырыпты”-, дейді Трейси ханым.

Демек әйелдердің өз ауру балаларына күйеуінің жетектеуімен де келе алмайтын болғаны ғой. Себебі, сол Трейси ханымның айтуынша, Бағрам ауруханасы қақпаларын күзетуші Ауған жасақтары әйел-аналардың мұнда келуіне рұқсат етпейтін көрінеді. Сол себепті де АҚШ әскерилері ол жасақтарға ақша беріп, Ауған-аналардың мұнда келуіне рұқсат алатын боп шықты. Тіпті кейде Трейси ханым олармен өзі барып сөйлесіп, әзер рұқсат алып жүр екен. Мұның өзін америкалық Әскери аурухана медбикесі ілгерілеушілікке қарай жасалған кішкентай қадам, деп бағалап отыр.
XS
SM
MD
LG