Accessibility links

Чехия үкіметі Қазақстаннан жұмыс күшін тартуға бағытталған бағдарлама бойынша жаңа квота бөлді

  • Досан БАЙМОЛДА

Чехия үкіметі шетелдік жұмыс күшін тартуға бағытталған, «Шет елдік кәсіби мамандарды іріктеу» атты бағдарламасын 2003 жылы бастағаны белгілі. Ең бірінші кезекте Чехия үкімет осы бағдарламасы бойынша Еуропаның Болғария және Хорватия елдерінен, ал Азиядан болса Қазақстаннан кәсіби мамандарды тартуға қызығушылық танытып отыр. Осыған байланысты өткен жылы Чехияның еңбек және әлеуметтік министрлігі аттары аталған үш мемлекетке 300 квота, яғни 300 азаматты алуды жоспарлап бөліс шығарған болса, биылғы 2004 жылы бұл квота саны 700 деп белгіленіп отыр. Чехия үкіметінің бағдарламасына байланысты наурыздың 3 күні осы елдің Қазақстандағы елшілігі консулының кеңесшісі Ченек Хайни мырза радиомызға берген сұхбатында Чехияға барып тұрақты тұрғысы келетін Қазақстан азаматы ең алдымен өзі Чехиядан жұмыс табуы шарт және сонда тұратын баспана мәселесі толық шешілген болуы керек дегенді айтты.

Сондай-ақ ол жобаға қатысудың басты шарттары жөнінде де айтып өтті. Оның айтуынша, Чехияға баруға ниет білдірген әрбір қазақстандық азаматтың кем дегенде орта білімі болуы қажет. Ал егер ол жоғары білімді, оның үстіне докторлық ғылыми атағы болса және де шет ел тілдерін, соның ішінде чех, словак тілдерін жақсы игерген болса, бұл жоғары бағаланады. Сонымен қатар бағдарламаға түскісі келетін үміткер бұрын Чехия республикасында жұмыс істеген болса ол жағы да ескеріледі.

Жалпысы бағдарламаның шарттарын толық орындаған үміткер Чехияға барып тұруға құқық беретін жұмыс визасын алады. Ал екі жарым жыл Чехияда еш қиындықсыз жұмыс істесе, оған Чехияда тұрақты тұруға құқық беріледі. Ченек Хайнидың айтуынша, өткен жылғы бағдарламаның осы шарттарын орындаған Қазақстаннан екі үміткер, ал Чехияда уақытша тұрып жатқан 2500 дей Қазақстан азаматтарынан он жеті адам бағдарламаға қабылданған. Қазақстанның Чехия Республикасындағы дипломатиялық өкілдігінде 1996-2002 ші жылдары арасында консул қызметін атқарған Алнур Жуманбековтың айтуынша алғаш Қазақстаннан Чехия Республикасына еңбек шарты бойынша жұмыс күшін шығаруды Қазақстан жағы мәселе ғып қойыпты. Бұдан соң осы Чехия үкіметінің бағдарламасы басталған көрінеді.
XS
SM
MD
LG