Accessibility links

Ресейдің жаңа, оның үстіне жұртқа бейтаныс бас министрі Путиның ойларына әбден сай болуы мүмкін


Мемлекеттік дума яки Ресей парламенті төменгі палатасының төрағасы Борис Грызлов президентшіл "Біртұтас Ресей" партиясының депутаттары жұма күні Михаил Фрадковты жақтап қол көтереді деп мәлімдеді. Ал бұл партия думада мандаттардың үштің екісіне ие. Бас министр Михаил Касьяновтың қызметінен кететіні бұрыннан күтілді. Касьянов - бұрынғы президент Борис Ельцинның адамы. Оның үстіне КГБ шекпенінен шыққан Путин билік тұтқаларын арнайы қызмет орындарының адамдарына ұстатып жатыр. "Юкос" жекеменшік мұнай компаниясының шатағының барысында Путинмен Касьяновтың арасы тіпті ашылды. Касьянов "Юкосқа" тағылып жатқан айыптарды сынаған болатын.

Мәскеуде орналасқан Стратегиялық зерттеулер Орталығының директоры Андрей Пионтковский Касьяновты кетіргені Путинге екі тараптан жол кеңейтті дейді. 14-ші наурызға белгіленген сайлаудың дәл қарсаңында Путин бұрынғы президент Борис Ельциннен тәуелсізбін, жалпы ешкімге кіріптар емеспін деп сайлаушыларға және Ельцинның адамдарына бой танытты.

Екінші жағынан, Путин Касьяновтың қолын байлап қойды. Алдағы президенттік сайлау жоғары қарқынсыз өтуі мүмкін. Оның бір себебі – Путинге нақты балама жасай алатын тұлғалар додадан алыстатылды. Дегенмен, сайлаушылардың 50 пайыздан көбі дауыс бермей қалса, сайлау жарамсыз деп табылады. Мұндай жағдайда Михаил Касьянов өз кандидатурасын ұсынуы ықтимал.

Ал Путинның оң қолы деп Михаил Фрадковтың табылғанын саясаттанушы Андрей Пионтковский былай түсіндіреді:

- Фрадков – жай қане ыңғайлы адам. Бір жағынан, ол өте бағынышты. Екінші жағынан, ол арнаулы қызметтен келді. Кейбір сарапшылар Фрадков жас кезінде тыңшы болған деп сезіктенеді. Оның үстіне Фрадков Ельцинның заманындағы либералды үкіметке қатысқан, Еуропа Одағындағы елші дегенде аты бар. Батыс Фрадковты мойындап қабылдады.

Сөйтіп, Андрей Пионтковский деген талдаушы Фрадков Путинның айтқанынан шықпайтын момын бастық болады дейді. Голландияда орналасқан "Ранд Еуропа" талдау мекемесінің сарапшысы Стефан Де Шпигелейер Фрадковтың алға шығарылғаны Путинның жеке билігінің күшеюін жалғастырды дейді:

- Ресейде жартылай президенттік билік орнады. Негізінен, бас министрдің қызметі президент билігіне тепетеңдік қамти алатын белгілі құзырға ие болады. Үкіметке қарағанда реформалардың нақты өлшемі енді Кремльде, президенттік кеңседе жасалады деп ойлаймын. Бұл ауыс-түйістен осындай әсер алдым. Үкіметтен президент әкімшілігіне көбірек биліктің өтуін қамтуға Фрадков өте ыңғайлы тұлға деп ойлаймын.

Ресейде өткен парламенттік сайлауда мемлекеттік дума Путинның жетегіне әбден көнетін орынға айналды. Енді міне үкімет те президенттік биліктен шыға алмайтын көрінеді. Путин президенттік билігінің екінші мерзіміне осылайша қамтылған әкімшілік жүйенің арқасында кіріспек. Фрадков сияқты Путинде кезінде қарабайыр қызметкер болған. Ельцин Путинды алдымен бас министр, сосын уақытша президент қылып тағайындағанда да жұрт таң қалған. Путин біраздан соң күшейіп шыға келді. Сарапшылар осы ерекшелікке назар аударады.
XS
SM
MD
LG