Accessibility links

Европа кеңесінің пікірінше, Түркия соңғы жылдары көптеген реформаларды жүзеге асырып үлгерген.


Европа кеңесінің пікірінше, Түркия соңғы жылдары көптеген реформаларды жүзеге асырып үлгерген. Мұндай пікірлер Кеңестің арнайы баяндамасында айтылып отыр. Мұның өзі Түркияның Европа одағына қабылдану бағытындағы жасаған үлкен қадамы болуда. Ал, адам хұқықтарын қорғау ұйымдары болса, ресми Анқараның әлі жүзеге асырар шаруасы көп, деп отыр.

Негізінен Европа Кеңесінің айтып отырғаны-Түркияда жүзеге асырылып үлгерген Конституциялық және заң шығару салалары бойынша қайта құрулар. Баяндама тілімен айтқанда екі жылдан сәл-ақ асатын уақыт ішінде ресми Анқара өткен 10 жылда орындай алмаған шаруаларын жүзеге асырып үлгерген. Сондай-ақ адам хұқықтарының қорғалуында да талай нәтижелерге қол жеткізген.

Осындай қадамдары арқылы Түркия елі аталған қысқа мерзімнің өзінде Европа одағына мүшелікке өтуге лайық екендігін дәлелдей алды. Бұл баяндаманы Европа Парламенттік ассамблеясының Кеңесі келер айдың соңына дейін мақұлдауы тиіс. Дипломаттардың сөзіне қарағанда, алайда бұл шара тек формальді түрде ғана жүзеге асатын болады. Осы құжатты сәрсенбі күні Бақылау комитеті қабылдай отырып, Түркияны демократиялық талаптарды орындауға орай бақылау тізімінен алып тастау жөнінде ұсыныс айтып отыр. Бұл жөнінде осы комитет мүшесі Мейдй Делваукс-Стихрстың пікіріне құлақ түріп көрсек:

“Түркияға байланысты жүргізілген бақылауды тоқтату жөнінде біз Ассамблеяға ұсыныс жасадық. Себебі бұл ел Адам хұқықтарының қорғалуы бағытында үлкен ілгерілеушіліктерге қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ бақылаудан кейінгі ұсыныстар айтылатын сөйлесулерді бастауға шақырып отырмыз”-, деді Делваукс Стихрс өз сөзінде.

Баяндамада айтылғанындай, өкімет басшысы Режеп Тайіп Ердоған өкіметі өз өкілдерінің Парламенттегі көпшілік екендігін реформалардың жүзеге асырылуын қолдау барысында жақсы пайдалана білген. 2002-ші жылдың қараша айында Жалпы сайлаулар барысында жеңіске жеткелі бері Ердоған партиясы билік басында келеді. Осы құжатта сондай-ақ, “Түркия көппартиялы жүйеде демократиялық бағытта жұмыс істей отырып, еркін сайлаулар және билік тұтқаларының бір жерде топтаспаған күйінде өмір сүруде”,- деп көрсетілген.

Баяндамада сонымен бірге, бұрынғы онжылдықтарда Түркияның саяси өміріне айрықша ықпалы болып, оған еркін араласып отырған әскери күштердің жайын айта келіп, ел өкіметі қазіргі кезде Ұлттық Қауіпсіздік кеңесінің рөлін азайтып, оны тек қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік сауалдары бойынша кеңесшілік рөлде қалдырып отыр, дейді. Дей тұрғанмен, елдегі саяси партиялар және кәсіподақтар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты заңдарды Европа талаптарына сай өзгертуге Түркия өкіметін аталған құжат шақырып отыр. Және қауіпсіздік соттарына байланысты заңдарды өзгертіп, азаматтар үшін омбуцман құруды сұрауда.

Адам хұқықтарын қорғау ұйымдары болса, бұл елде заңдық өзгерістер баяу жүзеге асырылып, мұндағы мерзімдік басылымдар мен журналистерге көзқарас көңіл толтырмайды, дейді. Сондай-ақ тұтқындағы азаматтарды азаптауға да тиым салынуын ол ұйымдар көтеріп отыр. Және күрд ұлт өкілдерінің өз ана тілінде білім алуы жөнінде де олар алаңдаушылық білдіруде.

Европа одағы Сыртқы істер министрлері наурыздың 8-і күні, келесі аптада Анқарада бас қосып, мүшелікке өту барысындағы Түркияның ілгерішіл қадамдарын талқыламақшы.
XS
SM
MD
LG