Accessibility links

Қазақстан телерадиохабарларды таратушылар ұлттық қауымдастығының өкілдері «БАҚ туралы» заң жобасына орай парламентке үндеу жолдады


:"БАҚ туралы " заңның үкіметтік нұсқасын қабылдау- Қазақстандағы ақпараттық кеңістік аясының тарылуына әкеп соғады. Ал бұл өз кезегінде Қазақстан қоғамын демократиялық бағытта қайта құру мен нарықтық қатынастарды дамыту талаптарына сай келмейді. Бұл жөнінде Қазақстан Телерадиохабарларды таратушылар ұлттық қауымдастығы өкілдерінің 4- наурыз күнгі ҚР Парламенті сенат және мәжіліс төрағалары Жармахан Тұяқбай мен Оралбай Әбдікәрімовтың атына жолданған үндеуде айтылған. Осыған орай қауымдастық өкілдері сенаттан мәжіліске қайтарылған аталған заң жобаның қабылдануын тоқтатып, қазіргі қолданыстағы заңды күшінде қалдыруды сұрап отыр.

«Бұқаралық ақпарат құралдары бүгінде тек азаматтардың ақпарат алу және сөз бостандығы құқығын ғана емес, сондай-ақ, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуші институтқа айналды. Ал, Қазақстандық БАҚ-дары ел ішіндегі ахуалды шынайы бағалап, болып жатқан оқиғалар туралы бұқараға жан- жақты хабарлап отыруды, кез- келген болған жайды боямасыз көрсетуді мақсат етеді» делінген Қазақстан Телерадиохабарларды таратушылар ұлттық қауымдастығы өкілдерінің ҚР Парламент сенаты мен мәжіліс төрағаларының атына жолданған үндеуде. Қауымдастық өкілі Марат Жанаттың пікірінше, аталған заң жобада республикадағы БАҚ пен журналистер құқын шектейтін көптеген баптар қарастырылған. Сондықтан да, қазіргі жағдайда дұрысы қолданыстағы «БАҚ туралы» заңды күшінде қалдырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы оны одан әрі жетілдіруде болса керек.

Өз кезегінде «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының жетекшісі Тамара Қалееваның айтуынша, шынында да, Сенаттан мәжіліске қайта қайтарылған « БАҚ» туралы заң жоба Қазақстанның Ата заңында бекітілген сөз бостандығы мен республика азаматтарының еркін ақпарат алу және тарату мүмкіндіктерін шектейді. Жобада Қазақстанда сөз бостандандығын қамтамасыз ету, журналистерді меншік иелерінен қорғау немесе, Бақ – ның жұмысына шенеуніктердің араласуын алдын- алу жайы қаралмаған. Керісінше, бұл жоба шенеуніктерге БАҚ-ын бақылау мен қадағалауға көп мүмкіндік береді. Жобаның кемшіліктерін оған қарсы айтылған түрлі халықаралық ұйымдар анықтамасынан-ақ байқауға болады дейді Тамара Қалеева. Оның пікірінше, қазіргі жағдайда Қазақстан үшін “БАҚ туралы» заң жобасын тоқтатып, қолданыстағы заңды күшінде қалдырғаннан гөрі, демократия талаптарына сәйкес, түрлі халықаралық ұйымдар, сондай-ақ, журналистердің қатысуымен ашық түрде талқылау барысында жаңа жоба дайындау тиімді.

Ал, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті Ержұман Смайыл: «Бұл заң жобада , әсіресе, қазақтілді БАҚ-ның жай- күйі ұтымды қаралған. Сондықтан, бойында ұлттық намысы бар журналистер бұл жобаны қолдауы тиіс еді. Алайда, бұл жоба төңірегінде шу көбейіп, көпшілік әріптестеріміз популистік тұрғыдағы ой- пікірлердің соңынан еріп кетті» дейді.

«Жас Алаш» басылымының бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбек болса,парламент талқылауындағы заң жобаны тоқтату жағында. «Өйткені, бұл жобада журналистер құқын шектейтін бірқатар баптар қарастырылған сияқты. Ал, осы соңғы он екі жылды қарап отырсақ, елде демократия мен сөз бостандығына қатысты біраз алғажылжушылық қалыптасып үлгерді. Ал, ендігі уақытта біз осы заңды қабылдау арқылы сол бірнеше жылдық жетістіктерімізді жоққа шығаруға әрекет жасайтындаймыз» дейді Ж. Қорғасбек.

Енді нақты, сенаттан мәжіліске қайтарылған заң жобаға келсек, мәжіліс депутаты, осы жоба бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Әбдіжәлел Бәкірдің айтуына қарағанда, қазірде бұл заң жобаға қатысты парламентте келісім комиссиясы құрылған.Комиссия отырысы наурыздың 12- 13- күндері өтеді. «Жалпы, сенат пен мәжіліс арасында анау айтқандай, принциптік келіспеушіліктер орын алып отырған жоқ. Ортақ келісімге келетін сияқтымыз» дейді мәжіліс депутаты.
XS
SM
MD
LG