Accessibility links

Парламент депутаттарының басым көпшлігі Депутаттыққа үміткер ұлты қазақ азаматтар мемлекеттік тілді білуі міндетті деген ұсынысқа қарсы.

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ

“Сайлау туралы” заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы ақпан айының 20-ы күні паралментте екінші оқылымда қаралғанда депутат Амангелді Айталы алдағы сайлауларда депутаттықтан үміткер ұлты қазақ азаматтардың мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі талап етілсін деген ұсыныс жасаған болатын. Дауыс беру нәтижесінде отырысқа қатысқан 97- і депутаттың 55-і қарсы шығып, 38-і жақтап, 4-еуі қалыс қалған. Сөйтіп бұл ұсыныс өтпей қалған болатын. Осыған байланысты “Жас қазақ үні” газетінің 8-санында қай депутаттың қалай дауыс бергендігі жарыққа шыққан. Қарсы дауыс бергендер тізімінде Сенат төрағасы Оралбай Әбдікәрімов пен Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай бар. “Депутаттыққа үміткер қазақ азаматтары мемлекеттік тілді білуі міндетті” деген ұсынысқа қарсы шыққан сенатор Нұрайлым Жолдасбаева оның себебін былай түсіндіреді. -Мен қарсы дауыс бердім. Егер біз осы норманы енгізсек, онда біз қазақ тілін енді ғана меңгеріп жатқан қазақтарды шеттетеміз. Бұл Конституциялық нормаға қайшы. Бұл норма енсе көптеген қазақтар депутаттыққа өте алмай қалады. Ал ол орынға басқа ұл өкілдері өтіп кетуі мүмкін. Ал осы ұсынысты жақтап дауыс берген Мәжіліс депутаты Ұзаққали Елеубаевтың пікіріне кезек берсек… -Мемлекеттік қызметтегі азамат мемлекеттік тілді білуі міндетті. Тек ғана қазақтар ғана емес, осы елдегі барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілді білуі тиіс. Мен бұл ұсынысты қолдаймын. “Депутаттыққа үміткер қазақ азаматтары мемлекеттік тілді білуі міндетті” деген ұсынысты дауысқа қою барысында қалыс қалған 4 депутаттың бірі сенатор Зәуреш Батталова былай дейді. -Мен қалыс қалдым. Себебі біз осы шектеуді қойсақ қазақ тілін білмейтін қазақ азаматтары депутаттыққа өте алмай қалады. Одан Парламентте қазақ депутаттарының саны аз болып қалуы мүмкін. Бұл норманы енгізу мерзімі әлі туған жоқ. Қарсы дауыс берген Мәжіліс депутаты Қуаныш Алпысбеков “бүгінде қазақтардың 45 пайызы мемлекеттік тілді білмегендіктен мұндай норманы енгізу әзірге ерте”- деді. -Мен бұл ұсынысқа қарсы шықтым. Бұл қазақтардың басын біріктіретін ұсыныс емес. Мен қазақ тіліне қарсы емеспін. Қазақтардың 45% қазақ тілінде сөйлемейді. Ал ол ұсыныс өтсе тіл білмейтін қазақтар депутаттыққа өте алмай қалады. Жақтап дауыс бергендер қатарындағы Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың пікірінше -Қарсы дауыс бергендер өңшең шала қазақтар. Сол себепті осы ұсынысқа қарсы болған азаматтарды депутаттық тұрмақ парламенттің маңайына жолатпау керек. Осы сауалнамадан кейін біз қарапайым жұртшылыққа депутаттардың мемлекеттік тілді білуі міндетті ме деген сауал қойған едік. Бізге жолыққандардың ішінен депутаттардың мемлекеттік тілді білуі міндетті емес деп санайтындар шықпады. -Білуі керек -Мемлекеттің басында отырғандар мемлеекттік тілді білуі тиіс. -Мемлекеттік тілге құрметпен қарау керек. -Қазақстанда тұрып мемлекеттік тілді білмесе ол қалай депутат болады. Қарсы дауыс берген депутаттардың кейбірі біздің бұл мәліметті қайдан алғанымызды сұрап таңданыс білдірді. “Жас қазақ үні” газетіндегі тізімді көрсеткенімізде, олар қандай да бір ой-пікір айтудан үзілді-кесілді бас тартты.
XS
SM
MD
LG