Accessibility links

Зағиптар: «Пикет ұйымдастыруға біздің заңды құқымыз бар»


Алматылық зағиптардың «Бико» фирмасының ғимараты алдында наразылық пикетінде тұрғанына осымен үшінші тәулікке айналды. Бейсенбі күні осы фирманың заңгері Ермек Сыздықов пикетшілерге «бұл заңсыз әрекет» деп ескертті. Ал зағиптар болса бұдан да белсендірек қимылға өздерінің әзір екендерін айтып отыр.

Үш тәулік бойы «Бико» фирмасының алдында кезекпен шығып, пикетте тұрған зағиптарға бейсенбі күні осы фирманың заңгері Ермек Сыздықов ескерту айтты.

-

Сіздер бейбіт шерулер мен пикеттер ұйымдастырып өткізу туралы заң талабын бұзып тұрсыздар. Сондай-ақ, барлық ақпарат құралдарына «Бико» фирмасымен бұған дейін жасалған келісімдер заңға сәйкес емес» деп айтып жүрсіздер. Бұл айтқандарыңыз да заңсыз. Мұндай қылықтар үшін әкімшілік заңмен жауапқа тартылып, айыппұл салу көзделгенін ресми түрде ескертемін. Сондықтан бұл жердегі наразылық шарасын доғарып, ақпарат құралдарына біздің фирма туралы жалған мәлімет беруді тоқтатуды сұраймын. Әйтпесе «Бико» фирмасы да өз құқығын қорғауға көшеді, - деп мәлімдеді «Бико» фирмасының заңгері Ермек Сыздықов.

Ал бұл талапқа пикетші зағиптардың бірі:

-

Біз бұл жерде жаңағы сіз айтып тұрған әкімшілік заңдағы пикет өткізуге құқығымызды пайдаланып тұрмыз, біздің де құқығымыз сіздермен бірдей, - деп жауап берді.

Олар бұдан да белсенді іс-қимылға көшуге өздерінің әзір екендерін айтты. Ал фирма өкілі Ермек Сыздықов фирманың меншігіндегі ғимаратты кезінде зағиптар қоғамынан «Бико» фирмасы заңды негізде сатып алғанын айтып, радиомыздың тілшісіне тиісті құжаттарды көрсетті. Алайда, осы жөнінде микрофонға айтудан фирма өкілі бұл жолы да бас тартты. Біз осы істі сырт жағынан бақылап өтіп жатқан қала тұрғындарының піріін сұраған едік.

Василий, қала тұрғыны:

-

Мұның барлығын заңды негізде шешкен дұрыс.

Саидолла, қала тұрғыны:

-

Обал ғой енді, бұлар жарымжандар. Бұны шешетін адамдар бар шығар деп сенемін.

Пикетші зағиптар енді өздерінің қоластындағы кәсіпорындардың келешегіне алаңдаушылық білдіреді. Олар зағиптардың меншігіндегі мүлікті ешкімнің де жекешелендіріп я болмаса сатып алмайтындай етіп өкімет заңдастырып берсе дейді.

- Жер сатылмаса, соған заң шығарып, біздің жерімізді ешкім ала алмайтындай қылса, қолын сұқпайтындай болса – одан басқа талабымыз жоқ, - дейді егде жастағы пикетшілердің бірі.

Зағиптар өздерінің бұл ұсыныс-тілектерін енді республика президенті мен ел парламентіне жолдағалы отыр.
XS
SM
MD
LG