Accessibility links

Қажығұмар Шабданұлының «Пана» атты романының тұсаукесері өтті.

  • Досан БАЙМОЛДА

Шыңжандағы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті қаламгер Қажығұмар Шабданұлының түрмеде отырып жазған «Пана» романы алғаш рет Қазақстанда басылып, қазақстандық оқырмандар қолына барып отыр. Қ.Шабданұлы өзінің сексен жылдық осы ғұмырының тең жартысын түрмеде өткізген адам. Оның «Пана» романы 1988-1989 жылдары Үрімжі қаласындағы №1 ші түрмеде отырған кезінде жазылған. Бұл Шыңжандағы қазақтардың ұлт азаттығы үшін күрескен Зұқа батыр туралы жазылған кітап. Ал Қ.Шабданұлының 6 кітаптан тұратын әйгілі «Қылмыс» романы да қазір Қазақстанда теріліп, баспадан шығуға дайындалып жатқан көрінеді.

Бұл туралы наурыздың 4 і күні Алматыдағы Достық үйінде өткен «Пана» романының тұсаукесер рәсімін ашқан Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев хабарлады. Оның айтуынша алдағы күзде Қ.Шабданұлының «Қылмыс» романының алғашқы үш кітабі баспадан шығып қалады. Ал, қазір тас түрмеден үй түрмесіне ауыстырылған Қажығұмар Шабданұлының «ұлтшылдық» мінезіне Қытай үкіметі сәл де болсын кешірімділікпен қарайтын болса онда ол кісі бостандыққа шығып, көп кешікпей Қазақстанға келіп қалуы да ғажап емес деді Қалдарбек Найманбаев. «Пана» романының басты кейіпкері Зұқа батырдың қазір Германияда тұратын немересі Арыстан Тосұн кітап тұсаукесеріне қатысып, өз атасы туралы жазған Қажығұмар Шабданұлына ризашылығын білдірді. Қазақстандық оқырмандар қолына алдағы күзде Қ.Шабданұлының әйгілі «Қылмыс» романының алғашқы үш кітабы да тиетіндігі туралы ДҚҚ ның төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев өз тарыпынан кітап тұсаукесеріне қатысушылар алдында өз уәдесін берді.

«Пана» романы осы жолы бес мың тиражбен таралып отыр.
XS
SM
MD
LG