Accessibility links

Құс тұмауы көктемгі аңшылыққа қауіп төндіріп тұр


«Қазақстанда құс тұмауының алдына алу үшін көктемгі аңшылықққа тиым салынады. Бұл бос уақытын құс атуға арнайтын қалталы шенеуніктерді сүйікті істерінен айырмаса, былайғы жұртшылыққа одан келер зиян жоқ», - дейді Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ермек Келемсейіт.

«Джип сияқты төзімді автокөлігі бар, қолы бос адамдар барады аңшылыққа. Сондықтан осындай азғантай адамдардың жеке басының ләззаты үшін бүкіл Қазақстан халқының тағдырын бір шаршының басына салуға болмайды. Сондықтан осы көктемде құс аулаға тоқтау қою туралы осындай шешім қабылдайын деп отырмын»,-деді Келемсейіт мырза. Орман және аңшылық шарауашылығы комитетінің мұндай шешімге келуіне Парламент Мәжілісінің депутаты Тито Сыздықовтың Үкімет басшысының орынбасары-Ауыл шаруашылық министрі Ахметжан Есімовке жолдаған депутаттық сауалы себеп болып отыр. Тито Сыздықовтың сауалында көктемгі аңшылық маусымында жыл құстарын атуға тиым салу жөнінде ұсыныс жасалған-ды.

«Құс тұмауы тарайды деген жүз пайыздық дәлелдеме жоқ. Дегенменен алдын алу үшін көктемгі аңшылыққа тосқауыл қою туралы сауал жасадым. Құс атумен шұғылданатын аз ғана адамдар. Бай адамдар. Ерігіп барады. Мен де құс атам»,-дейді Тито Сыздықов.

Қазақстанның Зоология институтының аға ғылыми қызметкері Айдын Қыдырмановтың айтуынша, құс тұмауын негізінен жабайы құстар таратады. Қазақстанда құс тұмауы тіркелмеген. «Бірақ 1980-ші жылдардың басында Талдықорған облысының бір үйрек өсіретін шаруашылығында 5 мың құс қырылу оқиғасы болғанын ескеру қажет. Құс тұмауының түрлері көп. Оның жаппай өлімге соқтыратын түрлері бар. Ол қазіргіден бөлек. Қауіп әрқашан сақталады. Дегенмен, бүгінгі таңда құс ауруынан соншалықты қауіп төніп тұрған жоқ»,- дейді Қыдырманов мырза.

Микробиология және вирусология институтының директоры Әлихан Мелдебеков те Қазақстанға құс тымауының қауіпі жоқ деп есептейді. Бірақ, келешекте осы бағыттағы зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыру керектігін айтып отыр.

Көктемгі аңшылық науқанында жыл құстарын атуға тиым салыну мүмкіндігі Қарағанды облысының аңшыларын алаңдатуда. Орман және аңшылық шаруашылығының Қарағанды аумақтық басқармасы бастығының орынбасары Юрий Шелухин болса, көктемгі құс атуға тосқауыл қоюға себеп жоқ деген пікірде. «Біз Ауылшаруашылық министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылық комиетіне көктемгі құс атуға тиым салынбаса деген ұсыныс жасап отырмыз»,-деді ол.

Юрий Шелухиннің айтуынша, Қарағанды облысында 16 мыңдай аңшы бар. «Олар көктемгі құс ату науқанының ашылуын күтіп отыр. Бірақ құс атуға тоқтау жасалатын болса, аңшылыққа тиым салынады»,-дейді ол.
XS
SM
MD
LG