Accessibility links

Дүниежүзілік Банктің мәліметтері бойынша Қазақстанда СПИД-пен ауыратындар 90 мыңнан асқан

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Жұқтырған қорғаныш тапшылығы белгісі яғни, CПИД ауруының алдын алу туралы осыдан он жыл бұрын заң қабылданғанда Қазақстанда аурудың бұл түріне шалдыққандар бірен-саран ғана болған. Аталған заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар СПИД кеселін жұқтырған адамдарды әлеуметтік және құқықтық қорғауды көздейді. Сондай-ақ мемлекет мұндай дертке шалдыққандардың тегін дәрігерлік және дәрі-дәрмек алуларына кепілдікті қарастырып отыр.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, СПИД ауруын және оның инфекциясын жұқтырған қазақстандықтардың 70 пайызы жастар.

«Қазақстан Үкіметі бұл проблеманы шешуде халықаралық ұйымдармен жұмыс жасауда. Сөз болып отырған аурумен күрес жүргізетін ғаламдық қор Қазақстанға 22 миллион доллардан аса қаржыны үш жылға бөлді», -дейді денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Анатолий Белоног.

СПИД және ВИЧ инфекциясына шалдыққандардың ең көбі Қарағанды облысында. Одан кейінгі орындарда Павлодар облысы, Алматы қаласы және Қостанай облысы. Аталған аурудың 78 пайызға жуығы ине арқылы таралады. Белоног мырзаның сөзіне қарағанда, аурудың бұл түрі жыныс жолдары арқылы таралуы да ұлғайып келеді.

Парламент Сенатының депутаты Бексұлтан Тұтқышевтің айтуынша, ғаламдық қордан және республикалық жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражат мейлінше шектеулі. Оның айтуынша, Үндістанда ВИЧ ауруына шалдыққан бір адамды емдеуге жылына 2 мың доллар, ал Еуропа елдерінде бір адамға 4 мыңнан 6 мың долларға дейін бөлінеді. Ал, Қазақстанда 2004 жылы жалпы денсаулық саласында бір адамға 45 доллардан ғана қаржы қаралыпты.

Бексұлтан Тұтқышев, «Қазақстанда ВИЧ инфекциясымен ауыратын, бірақ есепке алынбаған қазақстандықтар мен шетел азаматтары аз емес»,- дейді.

Ал, Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидиомологиялық комитетінің төрағасы Альберт Асқаров, «СПИД-тің алдын алу алдымен азаматтардың өздеріне байланысты олай болмаған жағдайда мемлекет онымен күресте дәрменсіз»,- дейді. Оның айтуынша, ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың 80 пайызы нашақорлардың, ал 15 пайызы коммерциялық секспен айналыстардың үлесінде.

Парламент Сенатының депутаты Уәлихан Қайсаров, Дүниежүзілік Банктің мәліметтері Қазақстанда СПИД-пен ауыратын адамдардың саны 90 мыңнан асқанын көрсетіп отырғанын айтады.

Ал, жұртшылық өкілдері СПИД ауруының алдын алуда жеткілікті насихат жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ деген пікір білдіріп отыр.

Қалай дегенменде, мамандар СПИД ауруына шалдығушылардың азаймайтындығын жоққа шығармайды. Бірақ оның алдын алу алдымен азаматтардың өздеріне байланысты екенін айтуда.
XS
SM
MD
LG