Accessibility links

Шардара су қоймасына қатысты проблема қайта туындай бастады.


Шардара су қоймасына қатысты проблеманы шешу жолында Қазақстан, Қырғыстан және Өзбекстан үкімет өкілдері осы жылдың басында Шымкент және Бішкек қалаларында келіссөздер өткізіп ақыры бір келісімге келгендей болып еді. Алайда өткен аптада наурыздың 5 күні Қырғыстанның Жогоргу Кенеші осы Шардара су қоймасына қатысты үкіметаралық келісімдерді талқылап, бұл Қырғыстанның мүддесіне сай емес, оған экономикалық зиян әкелетін келісім болды, сондықтан Қырғыстан үкіметі Қазақстан және Өзбекстан үкіметтерімен қайтадан келіссөз өткізуді тапсырған шешім қабылдады. Қырғыстан Парламентінің бұл шешімі қазақстандық мамандар мен кейбір сарапшылардың сынына ілікті.

Мысалы, Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Әмірхан Кеңшімовтың пікірінше үкіметаралық келісімдерден Қырғыстан жағы ешқандай зиян шеккен жоқ. Керісінше Қазақстан өндірілмеген энергияның төлемі ретінде Қырғыстанға мазут және көмір беруге келіскен уәдесін орындаған. Ал, Өзбекстан жағы болса, Қырғыстанға газ беруге келіскен болатын. Сондықтан да Қырғыстан Парламентінің мұндай шешімін түсіну өте қиын- дейді Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Әмірхан Кеңшімов. Шардара су электр станциясының бас директоры Құдайберген Төлепұлымен хабарласқанымызда, ол да Қырғызстан Парламентінің бұл шешіміне таң қалғандығын жасырған жоқ. Оның айтуынша, бүгінгі күні Шардара су қоймасы төңірегінде туындап отырған ешқандай да қиындық жоқ. Су деңгейі нормадан асқан жоқ. Ал, үкіметаралық келіссіздерге Қазақстан жағынан комиссия мүшесінің бірі болып қатысқан Кегок ААҚ ның вице-президенті Есберген Әбітаевтың пікірінше бір өзеннің бойында отырған төрт мемлекет су мәселесінде бір келісімге келу керек. Мұндай пікірді Алматы қаласының кейбір тұрғындары да қуаттайды екен.

Шардара су қоймасына қатысты проблема қайтадан туындайтын түрі бар. Осыған байланысты наурыздың 11-12 күні үш елдің үкіметаралық жұмысшы топтары Бішкек қаласында кездесіп, мәселені тағы да сөйлескелі отыр.
XS
SM
MD
LG