Accessibility links

Қазақстан билiгi үлкен өзгерiстер алдында, – дейдi қазақстандық саясаткерлер

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан Парламентi Сенаторларының жасырын дауыс беру нәтижесiнде, Парламент Сенатының төрағасы болып Президент әкiмшiлiгiнiң басшысы болған Нұртай Әбiқаев сайланды. Ал осыған дейiн Парламент Сенатының төрағасы болған Оралбай Әбдiкәрiмов өзiнiң өтiнiшiмен отставкаға кеттi.

Осы жәйттар наурыздың 10-күнi кезектен тыс болған Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен орын алды. Президенттiк тiзiммен сенаторлыққа келген Оралбай Әбдiкәрiмовты отставкаға кеткеннен кейiн, Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев оны сенаторлықтан шақырып алды. Ол сол отырыста Оралбай Әбдiкәрiмовты Мемлекеттiк хатшы етiп тағайындағанын мәлiмдедi. Ал бұған дейiн Мемлекеттiк хатшы қызметiн атқарып келген Иманғали Тасмағамбетовтiң Президент әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi болып тағайындалғаны мәлiм болды. Қазақстан Конституциясы бойынша Президент тiзiмiмен жетi адам Парламент Сенатына депутат болады. Ендi бос қалған орынға Мемлекет басшысы Нұртай Әбiқаевты сенатор етiп жiбердi. Артынша Спикерлiкке де Нұртай Әбiқаевтың кандидатурасын ұсынды. Жасырын дауыс беру кезiнде жалпы отырысқа қатысқан отыз бес депутаттың отыз үшi жақтап, бiреуi қалыс қалып, бiр бюллетень жарамсыз қалды. Қазақстан Парламентi Сенатының депутаты Зәуреш Батталованың айтуынша, бұл өзгерiстердiң барлығы Қазақстанда саяси партиялардың күшейуiне байланысты орын алып отыр. “ Қазiр Сенатта Президенттiң өз өкiлi отыру керек. Өзiне сенiмдi, қатал, Сенатта тәртiптi сақтап отыратын адам керек болды. Екiншiден, қазiр мына саяси партиялардың күшейiп келе жатқандығы, әсiресе “Асар” партиясы жұмысын күшейту үшiн де адам керек болды деп санаймын”, – дейдi Сенатор Зәуреш Батталова.

Ал сенатор Әбiлхан Машани болса Елбасы сенген адамға бiз де сенуiмiз қажет, – дейдi. Қазақстан Конституциясы бойынша Президенттен кейiнгi екiншi басшы Қазақстан Парламентi Сенатының төрағасы болып табылады. Қазақстанда екiншi басшысының аяқ астынан өзгеруiне байланысты саясаткерлердiң де пiкiрiн бiлген едiк. Демократиялық таңдау қозғалысы саяси кеңесiнiң жетекшiсi, Қазақстан Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Төлен Тоқтасынов саяси өзгерiске байланысты былай дейдi: « Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Нұртай Әбiқаевтан басқа сенетiн адамы жоқ. Ертең бiр жағдай болып қалса Конституция бойынша екiншi басшы Сенаттың төрағасы, сондықтан да мен кетсем де Әбiқаев қалады, ол менiң досым және қабылдғанған бiрiншi Президент туралы Заң бар. Сол Заң арқылы билеймiн деген ойы шығар деп ойлаймын. Екiншi анық өзгерiстер болады. Сол өзгерiстердiң алдындамыз». Ал Спикер болған Нұртай Әбiқаевқа қатысты Төлен Тоқтасыновтың пiкiрi: « Нұртай Әбiқаев ашық саясаткер емес, көзге көрiнетiн қызметте болған жоқ».



Коммунистер партиясының жетекшiсi Серiкболсын Әбдiлдин болса, Мемлекеттi басқарудың Президенттiк жүйесi жақын адамдары арқылы отбасылық басқаруға дөп келiп отыр. Елбасының өзiнiң тағы баяғыдан берi шайқалып тұр. Соны Соны қайта-қайта орнықтыру үшiн, күшейту үшiн жасалып отырған кадрлар жөнiндегi саясат, – дейдi. Ал Президент әкiмшiлiгi жетекшiлiгiне Иманғали Тасмағамбетовтiң келуiне байланысты Серiкболсын Әбдiлдиннiң пiкiрi: «Президенттiң Тасмағамбетовтi өзiнен алысырақ жiбермейтiн саясаты белгiлi. Ол Президенттен алшақ кетiп қалатын болса, өзiнiң саясатын жүргiзедi».



Жалпы саясаткерлердiң болжамдары бойынша жақын арада Қазақстанның билiк жүйесiнде үлкен өзгерiстер орын алмақ.
XS
SM
MD
LG