Accessibility links

Қытайдан Қазақстанға әкелінетін баракат күріші адам денсаулығына қауіпті дейді Қазақстанның санитарлық дәрігерлері


Қытайдан Қазақстанға әкелінетін баракат күріші адам денсаулығына қауіпті. Бұл жөнінде Қазақстанның санитарлық дәрігерлері мәлімдеп отыр. Олардың айтуынша, Қытайдан тасымалданатын баракат күрішінің құрамында қорғасын мен мышьяк белгіленген мөлшерден көп кездеседі. Қазіргі жағдаймен, республиканың Екібастұз, Павлодар мен Шымкент қалаларында химиялық мөлшері шектен тыс бірнеше қап баракат күріші тәркіленіп алынған. Ол күріштерге тексеру жүргізген мамандар күріш құрамында қорғасынның 13 есе артық екенін анықтап отыр.

Ең алғаш қытай күрішінің адам денсаулығына зияндылығы Астана қаласында белгілі болған. Нақты оның қандай жағдайда анықталғаны жөнінде мамандар ашып айтпайды, бірақ осы оқиғадан соң, үстіміздегі жыл ақпан айының 27-сінде Қазақстанның бас санитарлық дәрігері «Қытайдан әкелінетін баракат күрішін республикаға тасымалдауға, қайта өңдеуге және сатуға уақытша тыйым салу жөнінде қаулы қабылдаған. Осы қаулы негізінде қазірде республиканың барлық аймақтарында саудаға шығарылған күріштер тексеріліп, ол тексерістің қорытындылары жариялана бастады. Алматы қаласы санитарлық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Лариса Лянның айтуынша, аталған қаулы шыққалы Алматы қаласындағы күрішпен байланысты жұмыс істейтін 134 мекемеге тексеру жүргізілген. «Біз тексеру жүргізген мекемелерде мұндай күріштің бары анықталмады, алайда, осындағы басқа бір СЭС қызметінің мамандары бізге әкелген күріште қорғасынның көп екені мәлім болып отыр. Ал ол 3 келі күріш қаладағы бір бала- бақшадан тәркіленіп алынған, қазір ол іс бойынша тексеру жүріп жатыр» дейді Лариса Лян.

Маман пікірінше, қазіргі жағдаймен қаладағы барлық мекемеде тексеру жүргізілді деп айтуға болмайды, аз уақыт өтті, оның үстіне, маман да жетпейді. Бірақ, тиісті орындарға мейлінше хабар жібердік” дейді Алматы қаласы санитарлық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілі.

Осыған орай, біз Алматыдағы орталық базарға барып, ондағы сатушылардың баракат күрішін пайдалану мен сатуға қатысты қаншалықты хабардар екендіктерін анықтауға тырыстық. «Бізге осыдан 3 күн бұрын баракат күрішін сатуға тиым салынды. Негізі, бұл күріш өте өтімді тауар болатын, қазір енді тұтынушылар Қызылордада өсетін ақ маржан сияқты күріштерді сатып сатып алуда « дейді базардағы сатушылар.

Тағы бір байқағанымыз, сатушылар Қытайдан әкелінетін барақат күрішін сатуға тиым салынғанынан хабардар бола тұра, алатын кісі болса, астыртын сауда жасаудан да кет әрі емес екен. Тіпті оны ашық жағдайда сатып тұрғандарды да көзіміз шалды.

Осыған орай, базар әкімшілігінің өкілі Аланиязова Бақыткүл бұл жайларға қатысты бізге: «Күнде сатушылармен жұмыс жасап жатырмыз. Әрине, жасырын сататындар болуы мүмкін. Бірақ, олардың барлығы да бізге баракат күрішін сатпау жөнінде қолхат жазып берген» деп жауап қатты.
XS
SM
MD
LG