Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03-12- 2004


Мерзімді басылымдарда жоғары билікте болған соңғы орын ауыстырулар мен Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы Заманбек Нұрқаділовтің саяси мәлімдемесіне орай мақалалар жарық көрді.

“Президент мырза отставкаға кетіңіз!”. Мұндай сөзді президентті 25 жыл таныған, онымен өте дос болған адамнан ешкім күтпеген еді” - деп жазады “Ақ жол Қазақстан” апталығы. Газетте Заманбек Нұрқаділов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан көңілі қалғанын, “Мемлекет ретінде қайда бара жатырмыз? Өз ұрпақтарымызға не қалдырамыз?” деген ой көптен мазалап, осындай мәлімдеме жасауға мәжбүр еткенін айтыпты.

Ол газетте жарияланған мәлімдемесінде Президент және оның отбасы мүшелерінің өз жағдайларын пайдаланып отырғандықтары жайлы дәйектер келтіре отырып, былай дейді: «Егер мен қойған сұрақтардың ең құрығанда біреуіне асыра сілтеушіліктің болғанын растайтын жауап табылса, онда сіз Кореяның президенті Ро-Де-У-дан кем қарғыс алмайсыз. Бірнеше мың доллар пара алғаны үшін оның өмір бойы түрмеде отыруға жазаланғаны барлығына мәлім», - дейді Нұрқаділов.

Ол: «Бұрынғы Қонаев резиденциясының болғанына қарамастан, Алматыда мемлекеттік яки жеке меншікте екендігі белгісіз зәулім үй-жайларды салудың қандай қажеттігі болды? «Алматы» сауықтыру орнына тиесілі алма бақтары бар бірнеше гектар жерді Президенттің алып алып, одан төменіректе гольф ойнауға арналған арнайы алаң салуды бастадыңыз. Халық үшін бе? Шымбұлақтағы таушаңғысы орталығынан жоғары жерге көлемі орасан зор саф ағаштан жасалған сән-салтанатты екі сарайды қандай ақшаға және кімнің рұқсатымен салдыңыз? Сіз Конституция кепілісіз, сіздің берген антыңыз қайда? Әлде бұлардың барлығы «Бірінші президент туралы» заңда жазылған ба?» - деген сауалдар қояды.

Ал «Ассанди таймс» газетіндегі «Заманбек Нұрқаділовтің саяси «бомбасы» деген мақалада ол сәрсенбі күні Сенат төрағалығына Оралбай Әбдікәрімовтің орнына Нұртай Әбіқаевтың тағайындалуын «барып тұрған ақымақ қателік!» деп бағалаған. Оның пікірінше, «мемлекеттік биліктегі деңгейі бойынша Әбіқаев Әбдікәрімовтің он пайызына да жетпейді. Мұның барлығы белгілі-бір мақсатпен жасалып отыр. Ал дәл қандай мақсатпен екендігін әлі толық шешкен жоқпын», - дейді Заманбек Нұрқаділов. «Ақ жол Қазақстан» газетінде сенатор Уәлихан Қайсаров жаңа тағайындауларды «тақау келешектегі үлкен өзгерістер басы» деп есептейтігін айтыпты.

«Бұл «Асар» партиясы арқылы Дариға Назарбаеваның саяси алаңға келуімен, бәлкім, кезекті сайлаулармен де байланысты болуы мүмкін», - дейді сенатор. Ал «Литер» газетінде депутат Серікбай Әлібаев жаңа спикерді тағайындау арқылы президент «Әбіқаевты ашық қызметте сынап көргісі келеді. Бұл президенттік сайлауға дайындық. Тасмағамбетовтің жылжуы да осымен байланысты» деген пікір айтады.

«Айқын» газеті болса, «биліктегі ауыс түйістің түпкі мақсатын» бұрынғы Мемлекеттік Хатшы Иманғали Тасмағамбетовтің «Елбасыға адал екендігін бірнеше мәрте дәлеледегенін, мұндай калибрдегі саясаткердің тек мерейтойлар ұйымдастырумен айналысуы жөн еместігімен» түсіндіреді. Ал “Новое поколение” газетінде журналист Сергей Козлов: “Билік құрылымдарына алда сайлау болатындығын ескерсек, президент әкімшілігінің жаңа жетекшісіне берілетін жоғары тапсырманың қандай болатындығын болжау қиын емес”, - дейді. Ол “жоғары биліктегі орын ауыстырулар енді ғана басталды” - деп есептейді.

“Новое поколение” газетінің хабарлауына қарағанда, қазіргі Бас прокурор Рашид Түсіпбеков Ел басына қызметтен босату жөнінде өтініш бергені жөнінде әңгіме бар.

Сондай-ақ “билік дәлізінде «Отан» партиясының төрағасы қызметін атқарушы Амангелді Ермегияевтің жаңа қызметке кететіндігі, ал оның орнын Мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбай, бәлкім, президент Кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтің басатындығы жайлы сөз бар», - дейді «Новое поколение» газеті. Ал «Отан» партиясына қарасты «Дала мен қала» газетінде партия төрағасының кеңесшісі Болатхан Тайжан: «Күзде өткен мәслихаттар сайлауында «Отан» партиясы 67,4 пайызбен жеңіп шығуы парламенттік сайлауға әсерін тигізетін құбылыс», «ал Назарбаевтан басқа біреу президенттік сайлауда ұтады деген ой ешкімде жоқ шығар», - дейді. Ал жоғарыда аты аталған «Ассанди таймс» газеті соңғы кезде Демократиялық таңдау қозғалысының құрылтайшыларының бірі, бұрынғы тұтқын Мұхтар Әблязов «Қазақстанның демократиялық майданы» атты жаңа оппозициялық ұйым құрып, оның шетелдегі, көпшілігі Назарбаевқа қарсы көңіл-күйдегі он мыңдаған қазақстандық эмигранттарға арқа сүйеуді көздеп отырғанын»,- жазады.
XS
SM
MD
LG