Accessibility links

Н. Назарбаев: “Отан” партиясының басты мақсаты -- барлық күштi Парламент сайлауында жеңiске жетуге жұмылдыру


Наурыздың 12-сi күнi «Отан» партиясының кезектен тыс 6-съезi өттi. Партия жарғысы бойынша, оның съезi бес жылда бiр рет өткiзiледi. Төтенше және шетiн жағдайларда ғана кезектен тыс съезд өткiзуге болады. Аталған саяси ұйым 1999 жылғы құрылтай съезiн есептемегенде, бес жылда бес съез өткiзiп үлгерiптi. Кейiнгi күндерде Қазақстанның хабар-ошар құралдарынан жиi байқалған отандықтар бұл жолғы съездiң мәнiсiн партияның бес жылдық мерейтойымен байланыстырған-ды.

Ал, Қазақстан Президентi әрi аталған партияның төрағасы Н.Назарбаевтың баяндамасында алдағы мақсат -- «Отанның» билiк партиясы ретiндегi әлеуетiн күшейту екенi ашық айтылды. Мемлекет басшысы: «Отан» партиясы өткен сайлауларда тамаша жеңiстерге жеттi. Ендiгi мақсат -- алдағы Парламент сайлауында қайткенде де жеңiп шығауға ұмтылу», -- дедi. Н. Назарбаев «Отан» партиясы саяси-қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында жетекшi мiндет атқарға тиiс деп есептейдi. Ол үшiн партия жарғысына өзгерiстер енгiзiп, сол арқылы саяси ұйымның басқару аппаратын күшейтудi ұсынды. Делегеаттар бiр ауыздан қабылдаған бұл ұсыныстар бойынша бұдан былай партия төрағасының орынбасарларын партия төрағасы, яғни, Н. Назарбаевтың өзi тағайындайтын болды. Екiншiден, партия төрағасы орынбасарларының өкiлеттiгi мен мiндеттерiн де төрағаның өзi айқындайды. Жарғыға енгiзiлген осы өзгерiстер партия төрағасының бiрден үш орынбасарын тағайындауына мүмкiндiк бердi. «Отан» партиясы төрағасының басқа жұмыстан бос орынбасарлары болып Амангелдi Ермигияев, сондай-ақ, төрағаның орынбасарлары болып Парламент Мәжiлiсiнiң спикерi Жармахан Тұяқбай және Үкiмет басшысының бұрынғы бiрiншi орынбасары Александр Павлов тағайындалды. Ал наурыздың 11-i күнi Қазақстан фермерлер одағының жетекшiлерi аталған құрылымның «Отан» партиясының құрамына фермерлер қанаты ретiнде кiретiндiктерiн мәлiмдеген болатын. Н. Назарбаев мұны отан партиясының абыройын көтеретiн уақиға болды деп бағалады. Қазақстанның фермерлер ұйымы «Отан» партиясы арқылы өз мүшелерiн алдағы Парламент сайлауына көптеп қатыстыруды жоспарлап отыр. Ал, «Отан» партиясының стратегиялық жоспарында Мемлекет басшысының саясатын қолдайтын басқа саяси-қоғамдық құрылымдармен барынша жақындаса түсу көзделген.
XS
SM
MD
LG