Accessibility links

Ресей президентінің қолына аса көп билік жиналған тұста талдаушылар Путин екінші мерзімде не тындырады екен деп жорамал жасауға кірісті


Сонымен, Ресей президенті Владимир Путин екінші мерзімде президент билігін жалғастыратын болды. Жексенбі күні өткен сайлауды Путин басым дауыспен жеңіп шықты. Путинге қазір парламент және үкімет тәуелді, депутаттардың үштен екісі – тікелей президентшіл партияның адамдары. Бұқаралық ақпарат құралдары да Путинның ашса алақанында, жапса жұдырығында. Совет заманынан бері Ресейдің еш бір басшысында осыншама көп билік болмаған, дейді талдаушылар.

Жексенбі күні өткен сайлауды президент Владимир Путин басым дауыспен жеңіп шықты. Алдын-ала мәліметке қарағанда, Путин 71 пайыз дауыс жинады. Дүйсенбіге қараған түні өткен баспасөз мәслихатында Путин қарқынды саясатын одан ары жалғастыратынын мәлімдеді. Бірінші мерзімде Путин өзінің алдындағы президент Борис Ельцин жұмсартқан билікті орталыққа қайта бағынышты қылды.

Совет заманынан бері Ресейдің еш бір басшысында осыншама көп билік болмаған. Аймақтық басшылар автономиялық дәрежедегі еркіндігінен айырылды. Путиншіл партия басымдық алған парламент заңды бұрқыратып қабылдай салатын мекемеге айналды. Ұлттық тәуелсіз телекомпанияға тұсау салынды. Путинге бас имеген бизнесмендер не абақтыға жабылды, не шетке қуылды. Сайлау арқылы іріктелмеген жаңа бюрократиялық жүйе Ресейді тырп еткізбей басқаратын мықты жүйеге айналды.

Парламенттің бұрынғы депутаты, саяси талдаушы Владимир Лысенко Ресейдің беталысы бұлыңғыр деген пікірде:

- Біз патерналисттік режимге бет алдық, тіпті оған жеттік деп айтса болады. Бәлкім, біраздан соң Түркіменстандағыдай бізге мүлдем сайлаудың қажеті болмайтын шығар. Плебесцит саясаты тағы бір қатар бұрынғы совет елінде іске асып жатыр ғой.

Владимир Лысенконың айтуынша, Путинның алға басуына тойтарыс бере алмаған оңшыл демократтардың да саяси беделі төмен. Демократтар Борис Ельцинның үкіметіне тым жақын болды, дейді Владимир Лысенко. Жалпы, Андрей Сахаровтың дәрежесендегі моралдық жағынан мықты саясаткер Ресейде қалмады, дейді Владимир Лысенко.

Мәскеуде орналасқан Карнеги институның саяси талдаушысы Николай Петров Путинның әкімшілігі орталықтандырылған, авторитарлық жүйенің негізіне айналды деп талдайды. Ресейде парламенттік билік те әлсіреді, аймақтық билік те әлсіреді, Борис Ельцинның кезінде сәлде болса құрылған тепетеңдік бұзылды, дейді Николай Петров. Советтік кезендегідей жаңғыртылған бюрократия көзбояушылықпен асыра сілтеуге бейім, дейді Николай Петров:

- Қоғам мен билікте алданыш бар, мәселе осында. Әйтеуір тәуірлеу жағдайға жеткен экономикалық дамуды - президенттің және үкіметтің қажымай істеген еңбегінің жемісі деп қабылдаған адасу бар. Шын мәнінде бұл жерде сыртқы жағдайдың нақты әсері әлде қайда көп. Сыртқы жағдай өзгерсе – көз алдымызда күшейген мемлекеттік жүйе әлсіз боп қалады деген қауіп бар.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбі күні Путинды құттықтап жеделхат жолдады. Назарбаев Путинның жеңісін қалайтынын жұма күні өзі төрағалық еткен "Отан" партиясының құрылтайында айтқан болатын. Ал Астана журналистерін дүйсенбі күні сенаттың жаңа төрағасы Нұртай Абықаев үзіліс кезінде еркін сұхбат беріп тамсандырды. Путинның жеңісіне қуанамын деді Нұртай Абықаев бір топ журналиске:

- Путин мырзаның жеңіске жеткінене, біріншіден, ризамын. Бұл Ресей халқының қалағаны, мұны қазақстандықтар да құптап отыр. Өйткені Путиның жеңісі – сабақтастық боп табылады және екі еліміздің арасындағы ойын ережелерін сақтау боп табылады.

Ал Ресейдегі сайлауды өз көзімен көріп келген парламент депутаты, демократиялық оппозиция қайраткері Төлен Тоқтасынов өзгеше пікірде:

- Біз Мәскеуде болдық. Путинның кім екенін, менім ойымша, әсіресе зиялы қауым түсініп келе жатыр. Путин жақсылыққа әкелмейді деп отыр мемлекетті.

Сайлауды Мәскеуде бақыладым, Мәскеуде сайлаушылар өте аз келді, сайлаушылар көп келді деген мәлімет шындыққа сай емес, дейді Қазақстан парламентінің депутаты Төлен Тоқтасынов "Азаттық" радиосына берген сұхбатында. Қазақстанда іс-сапармен жүрген Еуропа Одағының сыртқы қатынастарының үйлестірушісі Крис Паттен Ресей сайлау науқанында Путинның қарсыластарына тең жағдай жасалмады деп сын айтты.
XS
SM
MD
LG