Accessibility links

Депутаттардың айтуына қарағанда республика көлемінде 21 миллион шаршы метр апатты жағдайда тұрған ескі үйлер бар


Қазақстан Парламент Мәжілісінің депутаттары апатты жағдайда тұрған үйлерге жөндеуді бюджет есебінен жүргізу туралы ұсыныстарын Бюджет кодексінің жобасына енгізді. Депутаттардың айтуына қарағанда республика бойынша 21 миллион шаршы метр көлемінде апатты жағдайда тұрған ескі үйлер бар. Жарамсыз үйлердің көлемі 5 миллион шаршы метрді алады екен. "Бұл мәліметтер 1996 жылғы жағдайды көрсетеді, қазіргі уақытта ондай үйлер одан да көп",- дейді депутаттар.

«Қазіргі уақытта жергілікті әкімшіліктердің тұрғын үйлерді жөндеуге қаражат бөлуге құқығы заңда қаралмаған, сол құқықты Бюджет кодексінің жобасына енгізу арқылы бергелі отырмыз,- дейді Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов. Бюджет кодексінің жобасына енгізілген бұл ұсыныс бұған дейін Сенатта қаралып қолдау таппаған. Енді Мәжіліс депутаттарының үштен екісі жақтап дауыс берді», -дейді Тито Сыздықов. Оның айтуынша, тұрғын үйлердің көпшілігі кеңес уақытында салынған. «Көпшілігі тозған. Дәліздеріне кіру мүмкін емес. Шатырынан су ағып тұр. » Депутат Амангелді Айталы, апатты жағдайда тұрған үйлер Үкіметке көп қаржыға түседі, ал азаматтардың жаңа үй сатып алуына жағдайы жоқ, мәселе тығырыққа тіреліп тұр дегенді айтты. «Былтыр Ақтөбеде бір тұрғын үйдің балконы құлап, үш адам қайтыс болды. Ондай жағдайлар көбеюі мүмкін.» Ал, депутат Мұхтар Тінекеев Қарағанды облысында тозығы жеткен тұрғын үйлерде тұратындардың 90 пайызы қарт адамдар, 7 пайызы жұмыссыздар, тек 3 пайызы ғана жұмыс істейтіндер дейді. Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтың айтуынша, Үкімет тұрғын үй туралы жаңа тұжырымдама жобасын дайындауда. Онда жөндеуге қаржысы жетпейтіндерді тұрғын үй құрылысы жинағына тарту тетіктері ұсынылады. Және ол «Тұрғын үй қатынастары туралы» жаңа заңда да қаралатын болады. Депутат Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, тұрғын үй саласын бақылап отырған ешқандай жүйе жоқ. «Тұрғындар үйі меншікке саналып отыр. Ал, бірнеше тұрғын тұратын үй ол ешкімнің де меншігі емес.» Жұртшылық өкілдерінің пікірін білгенімізде республиканың қай қаласында да апатты жағдайда тұрған үйлердің көптігін айтты. Астана тұрғыны Жігер Байтілесов аталған мәселе дер кезінде көтеріліп отыр деп есептейді. «Ресейдің Архангелск қаласында көп қабатты үй ескі болғасын газ қондырғылары тозып апатқа ұшырады. Көп адам қырылып жатыр. Ертең ондай жағдай Қазақстанға да тууы мүмкін.» Пәтер жалдап тұрып жүрген Самат есімді азаматтың айтуынша, ескі үйлердің жертөлелерінің ылғалдығы денсаулыққа зиянды болуда. «Жертөленің ылғалдылығынан көктемде маса көтеріліп, қиындық туады. Үйлер де ылғалданады. Мысалы, астанадағы К.Бәйсейітова атындағы опера және балет театры жанында бір тұрғын үй құлап қалған.» Ерболат есімді азамат та Астанада бұрынғы ескі үйлердің апатты күйде қалып отырғанын айтты: «Көп үйлерді жарамсыз деп жатыр. Сондай үйлердің көп бөлігіне әкімшілік көз жұмып қарайтыны рас. Ол үйлердің проблемасы, жылуы, ыстық суы жоқ. Тоқ пештермен жылытылады.» Баспана тауқыметін тартып жүрген астаналықтардың дені жаңа баспана алуға қаражатының жетпейтіндігін, тіпті тозығы жетіп, жарамсыз күйге жеткен үйлердің де бағасы шарықтап тұрғанын айтуда.
XS
SM
MD
LG