Accessibility links

«Время» басылымының журналисті Геннадий Бендицкийдің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша Алматы қаласының Жетісу аудандық соты шешім шығарды


4 айға созылған «Время» басылымының журналисті Геннадий Бендицкийдің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша 17-наурыз күні Алматы қаласы Жетісу аудандық соты шешім шығарды. Сот шешіміне сай, Геннадий Бендицкий «РИФ» ЖАҚ-ның басшысы Асығат Жабағинге жала жапты деген айып бойынша кінәлі емес деп танылды.

«Время» басылымының журналисті Геннадий Бендицкийге ҚР қылмыстық кодексі 129- бабының 3- тармағы бойынша қылмыстық іс өткен жылдың желтоқсан айында қозғалған болатын. Яғни журналистің үстінен сотқа шағымданған «РИФ» немесе, нақтылағанда «Республикалық инновациялық қор» ЖАҚ басқарма кеңесінің төрағасы Асығат Жабағин Геннадий Бендицкийді «Интрига закрытого типа» қазақшалағанда «Жабық түрдегі шиеленіс немесе қорғаныс министрлігін кім сауып отыр» атты мақаласында нақты фактілерді бұрмалау арқылы саналы түрде маған жала жапты деп айыптаған-ды. Бұл жерде соттың Геннадий Бендицкийді ақтауына нақ осы фактілердің бұрмаланбай, олардың шын мәнінде расталғаны себеп болса керек. Осы істі қараған Жетісу аудандық сотының соты Сергей Кишкинов та өз шешімін осы жаймен негіздеді. «Мақалада нақты фактілер бұрмаланбаған, сондықтан да екінші біреуге жала жапты деген кінә негізсіз. Қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, сот Геннадий Бендицскийді кінәсіз деп тауып отыр» деп қорытты сөзін Сергей Кишкинов.

Осы тұста айта кететін тағы бір мәселе, «Время» басылымының журналисті Геннадий Бендицкий жазған мақаласымен байланысты оның үстінен қылмыстық істің қозғалуына орай бар мән- жайды баяндап, ҚР-ның президенті Н.Назарбаевтың атына хат жолдаған болатын. Содан соң Президент республиканың Бас прокуратурасына мақалада айтылған жайдың анық- қанығын тексеруді тапсырған-ды. Нәтижесінде, Бас прокуратура үстіміздегі жылдың 19-ақпанында Бендицскийдің мақаласында баяндалған бар ақпараттың расталғанын мәлімдеді. Яғни, таратылған ақпаратқа қарағанда, Қазақстан қорғаныс министрлігінің «Мотор – Сич» атты Украина зауыты алдындағы қарызын өтеуге бағытталған 1,5 млн доллар қаржы шынында да, алдымен «РИФ» ЖАҚ-ы , ал сосын 2 делдал компанияның есепшотына аударылып, нәтижесінде зауыттың есепшотына жетпей, орта жолда із- түссіз жоғалып кеткен. Таратылған ақпараттарға қарағанда, қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, Қазақстанның сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмыстар жөніндегі агенттігі тергеу жұмыстарын жүргізуде. Ал, өз кезегінде журналист Геннадий Бендицскийдің өзі Бас прокуратураның аталған шемімі шыға салысымен-ақ, қылмыстық іс бойынша соттың оны ақтайтынын білгенін айтады. Алайда, оған толық сенімді болмадым дейді. Өйткені, оның пікірінше, бұл оқиғада Асығат Жабағин тек бір ғана кейіпкер, Оның артында беделді , белді көптеген адамдар тұр, сондықтан мен бұл істің басқа қарқында дамуына олар күш салады деген ойда болдым дейді Геннадий Бендицский.

Ал «Риф» ЖАҚ-ның басшысы Асығат Жабағинның соттағы өкілі, әрі қорғаушысы Анатолий Гинздбург болса, сот шешіміне қатысты пікір білдірмейтінін алға тартып, журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

Жалпы, айыптаушы жақ, «Время» басылымының журналисті Геннадий Бендицкийдің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша ақтау үкімін шығарған Жетісу аудандық сотының шешіміне қатысты 10 тәулік ішінде Алматы қалалық сотына шағымдануға құқылы.
XS
SM
MD
LG