Accessibility links

Косоволық албандар мен сербтер арасында басталған қақтығыстар Сербияда одан әрі жалғасын табуда.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Сәрсенбі, наурыздың 17-сі күні албандықтар мен сербтер арасында Косовода басталған қақтығыстарды басу үшін бейбітшілік сақтау жасақтары күш салған еді. Алайда осы оқиғалар әсері Сербияда одан әрі жалғасын табуда.

Хабарларға қарағанда, Косовода болған қақтығыстар барысында, кем дегенде 22 адам қаза болып, 500-ден астамы жараланған. Бұл теке-тірестер аймақтағы соғыс тоқтатылған 1999-шы жылдан бергі аралықта орын алған ең үлкен жанжал болып отыр. Ассошиейтед пресс ақпарат агенттігі хабарына қарағанда, қақтығыстар этникалық жағынан екіге бөлінген Косовска Митровицада басталған. Оның себебі көршілес ауылдағы сербтер албандық балаларды ит қосып, әсіресе олардың үшеуін мұзды өзенге қарай қуған екен. Нәтижесінде екі бала суға батып, ал біреуі ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Осыдан кейін-ақ екі жақ арасындағы жекпе-жек айқастар басталып кеткен екен.

НАТО-ның бастауындағы осы аймақта тұрған бейбітшілік сақтау күштері мен БҰҰ-ның полиция жасақтары екі жақты ажырату үшін оқиғаға араласып кеткен. Қақтығыстарды тоқтату үшін олар көз жасаурататын газ және басқа да құралдар қолданған екен. Осы Косовска Митровица ауруханасына жеткізілген 200-дей жаралылардың біразына оқ тигендігін дәрігерлер айтуда-, дейді Ассошиейтед пресс ақпарат агенттігі. Сәрсенбі күні мұндай жанжалдар аймақтың Печ қаласы мен басқа да шағын қалаларда орын алған болатын. БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан “бұл жанжалдар Косоводағы тұрақтылық пен онда тұратын халықтың қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді”-, деп айыптады. БҰҰ-ның ресми өкілдері, дипломаттар және Косовоның басшылары Приштина қаласында кезектен тыс басқосу жасап, онда жағдайды тез арада қалпына келтіруді көздеп, арнайы мәлімдеме таратқан еді. Құрама Штаттарының Мемлекеттік департаменті толқуларды басу үшін өз беделдерін салуға Косовоның саяси қайраткерлерін шақырған болатын. Бейбітшілік сақтау күштері тұрғанымен, Косово аймағы ресми түрде Сербия-Черногорьенің бір бөлігі боп саналатыны белгілі. Дәл осы оқиғаларға жалғас түрде, сәрсенбі күні түстен кейін сербиялық шерушілер косоволық сербтерге қолдау көрсетуді өкіметтен талап етіп, орталықта жиналған еді. Олар полиция жасақтарымен де шайқасты. Осыған байланысты Серб өкімет басшысы Войслав Коштуница шұғыл түрдегі отырысты шақырған болатын. Сербиялық шерушілер Белград қаласының орталығындағы тарихи құндылық деп есептелетін мешіт ғимаратын өртеп жіберген. Сондай-ақ Сербияның оңтүстігіндегі Ниш қаласындағы мешіт те отқа оранған екен.
XS
SM
MD
LG