Accessibility links

Сенат қабылдаған «БАҚ туралы» заң жоба демократиялық талаптарға қайшы дейді бірқатар халықаралық ұйым өкілдері.


ҚР парламентінің сенаты «БАҚ туралы» заң жобаны қабылдаған тұста,бейсенбі күні Алматыда бас қосқан журналистер мен Қазақстандағы бірқатар халықаралық ұйым өкілдері аталған заң жобаға президент тарапынан вето қойылуын сұрап отыр.

«Қазақстандағы сөз бостандығы: бүгіні мен ертеңі» атты басқосуға жиналғандар пікірінше, республикада жылдан – жылға сөз бостандығын шектеу деңгейі күшейіп келеді. Оған басты дәлел елде «БАҚ туралы» заңнаманың қатаюы мен журналистер мен жалпы, БАҚ өкілдерін соттық негізде қудалаудың артуы. Үкімет дайындаған «Бақ туралы» заң жобаны республика журналистер қауымы басым бөлігінің қарсылығы мен халықаралық ұйымдардың оған төмен баға бергеніне қарамастан, Парламент қабылдады. Ал, бұл жобада демократия заңдылықтарына қайшы көптеген баптар қаралған.

Дүниежүзінің көптеген елдерінде сөз бостандығы мен демократия саласында жұмыс істейтін халықаралық «Freedom House» ұйымының Қазақстандағы өкілі Станго Антонио Қазақстандағы сөз бостандығының бүгінгі ахуалы шынында да алаңдарлық дейді. Оның айтуынша, республикадағы сөз бостандығына қатысты мониторинг жүргізген аталған ұйым өкілдері осындай қорытындыға келген. Оның ішінде әсіресе, қазіргі БАҚ туралы заң жоба бойынша Қазақстан сөз бостандығына қатысты дағдарыс алдында тұр деп бағалады жағдайды Станго Антонио.

Ал «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының басшысы Тамара Қалееваның пікірінше, Қазақстанда сөз бостандығына ресми бақылаудың болмағанымен, елдегі журналистердің көпшілігі істі болып, сотқа тартылмау үшін кей батыл тақырыптарға бармауды жөн көреді. «Мысалы, бір ғана өткен 2003- жылы БАҚ-ның өкілдеріне қарсы сотқа жазылған талап –арыздар иесінің 52-і шенеунік, 42-і заңды тұлға, сондай-ақ 41-і жеке азаматтар болған. Қазіргі заң жобада ресми органдардың БАҚ-ның жұмысына араласпау туралы бап бар. Алайда, шын мәнінде, біз мұндай оқиғаның қаншалықты орын алып жатқанын білмейміз, және оны ешкім тіркей де алмайды. Өйткені, қазір республика БАҚ-нда жұмыс істейтіндер нендей ақпаратты эфирге жіберуге немесе, жазуға болмайтынын алдын-ала біледі» дейді Тамара Қалеева

Ал, өз кезегінде, Қазақстандағы адам құқтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі Евгений Жовтис сенат қабылдаған БАҚ туралы заң жобаның қажеттілігін елдегі саяси ахуалмен байланыстырды. «Аталған жобаны қабылдау адам құқтары тұрғысында емес, саяси мақсатта туындап отыр» деді Евгений Жовтис.

Ал, Қазақстан ақпарат министрінің орынбасары Ардақ Досжан бұл заң бізге қазір қажет дейді. Ал жаңа заңның қажеттілігін ол: «Мысалы, қазіргі заңда электронды ақпарат құралдарында қазақ тілді хабарлардың көлемі 50/50 деп көрсетілген. Бірақ, қазақша хабарлар көбіне түнде берілетінін бәріміз білеміз. Ал ,жаңа заң жобада бұл мәселе нақты шешілген. Жалпы, бұл жобада мемлекеттік органдар мен БАҚ, сондай-ақ қоғамның мүддесі жан-жақты қаралған» дейді А.Досжан. Сондай-ақ , «Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілевтің пікірінше,Қазақстанда сөз бостандығы шектеулі. «БАҚ» туралы жаңа заң жоба елдегі сөз бостандығын одан әрі шектей түсуге бағытталып отыр: «Бұл заң қазірде, ең бастысы, шенеуніктерге қажет боп отыр. Қазір олар сәл де болса журналистерден қорқады. Ал, мына заң қабылданса, олар ешкімнен қорықпайтын болады.Бұндай заңды қабылдаудағы мақсат ел ішінде болып жатқан оқиғаларды ,мүмкіндігінше, қоғамға жеткізбеуде болса керек» дейді Б. Әбілев. Жалпы, аталған басқосу қорытындысында оған жиналғандар Қазақстанның «БАҚ туралы» заң жобасы демократиялық тараптарға сай емес деген тоқтамға келді. Сондықтан оған президент тарапынан вето қойылып , қайтадан жаңа жоба дайындауға кірісу керек дейді осыған орай ұсыныстар топтамасын дайындаушылар.
XS
SM
MD
LG