Accessibility links

Дүниежүзілік газеттер мен дүниежүзілік редакторлар форумы «БАҚ» туралы заңға алаңдаушылық білдірді.


Наурыздың 18 күні өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар «БАҚ» туралы заң жобасы бойынша Парламент палаталарының арасында туындаған келіспеушілікті еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстарын мақұлдағаны белгілі. Осыдан кейін регламантке сәйкес заң қабылданды деп танылып, мемлекет басшысының қол қоюына жіберілген болатын.

Алайда Парламент «БАҚ» туралы заңды мақұлдағаннан кейін, дүниежүзілік газеттер мен дүниежүзілік редакторлар форумы алаңдаушылық танытып, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына үндеу жариялады. Аталмыш үндеуде олар «БАҚ» туралы заңның сөз бостандығына қауіп төнгізуі мүмкін екендігін айтып, президенттен Парламент мақұлдаған заңның қабылдануына тиым салуын сұраған болатын. Дүниежүзілік газеттер қауымдастығы мен дүниежүзілік редакторлар форумының өкілдері Сеок Хьюн Хонг пен Глория Браун Андерсен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған үндеуінде 101 елдегі 18 мың басылымның атынан сөйлеп, Қазақстан Парламенті мақұлдаған «БАҚ» туралы заңның сөз бостандығына шектеу салатындығын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ олар өз үндеулерінде «БАҚ» туралы заңның тәуелсіз басылымдардың дамуына кедергі келтіретіндігін де атап өткен еді. Осыған байланысты өз ойын білдірген «Қазақстанның Демократиялық Таңдауы» халықтық партиясының саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярованың айтуына қарағанда, «БАҚ» туралы Заң президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке билігін күшейту үшін жасалып отыр. Журналист Сергей Дуванов болса, президент Нұрсұлтан Назарбаев өз тапсырысымен қабылдатқан «БАҚ» туралы Заңның қабылдануына тиым сала алмайды деген көзқараста. «Дүниежүзілік газеттер қауымдастығы мен дүниежүзілік редакторлар форумы өкілдерінің талаптарына мен қосыламын. Алайда мен, президенттің ол талаптармен келісетіндігіне сенбеймін. Өйткені шын мәнісінде бұл Заң президенттің тапсырысымен дайындалғаны белгілі. Президенттің өзі де баспасөзді қадағалайтын заңның керектігі туралы бірнеше рет айтқан. Дегенмен егер де президенттің жанында сауатты технолгтар отырса , олар Нұрсұлтан Назарбаевқа заңды қабылдатпау арқылы халықаралық ұйымдардың алдында беделін көтере алатындығын айтар еді» дейді Сергей Дуванов. Дегенмен бұл пікірмен келіспейтін «Айқын» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, президент «БАҚ» туралы Заңға қол қоймай жатып қорытынды жасау ерте деп есептейді. Ал, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, наурыздың 19 күні жасаған өзінің жыл сайынғы дәстүрлі жолдауында, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның елдің арасында үлкен дау туғызып жатқандығын атап өткен болатын. Сонымен-қатар Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурыз күні жасаған дәстүрлі жолдауында, кезінде «Саяси партиялар туралы» заңның да үлкен дау туғызғандығын айта келіп, «Бұқаралық ақпарат құралдары» және «Сайлау» туралы заңға қол қоятындығын білдірді.
XS
SM
MD
LG