Accessibility links

“Экспресс К”, “Комсомольская правда “Казахстан”, “Жас алаш”, “Литер”, “Алтын ғасыр”, “Ассанди таимс”, “Қазақстан”.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі жолдауы мен билік басындағы соңғы өзгерістер 20 наурыз күнгі мерзімді басылымдардың басты тақырыбына айналыпты.

19 наурыз күнгі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі жолдауы мен билік басындағы соңғы өзгерістер мерзімді басылымдардың басты тақырыбына айналыпты. 20 наурыз күнгі жарық көрген “Экспресс К”, “Комсомольская правда” газетінің «Қазақстан» қосымшасы, “Жас алаш” секілді басылымдар Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлі жолдауына айрықша көңіл бөліпті. “Экспресс К” газетінің соңғы санында жарық көрген Алексей Баницкиннің мақаласында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті жолдауында әлеуметтік саясат, денсаулық сақтау, және тұрғын үй құрылысы мәселелеріне тоқталып өткендігі хабарланыпты. Мемлекет басшысы дәстүрлі жолдауында нарық заманына сәйкес бәсекелестікті дамыту қажеттілігін айрықша атап өтіпті. Сондай-ақ президент Нұрсұлтан Назарбаев кезекті жолдауында алдағы уақытта жекелеген адамдардан басқаларға тұрғын үйдің тегін берілмейтіндігіне тоқталып өтіпті. Ал, “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы уақытта кез-келген қазақстандықтарға пәтер сатып алатын жағдай туғызылатындығы жөнінде айтқандығы баяндалыпты. Мемлекет басшысының айтуына қарағанда ендігі кезекте тұрғын үй саясатының жаңа бағдарламасы жүзеге асырылмақшы. Алдағы уақытта ипотекалық несие беру жүйесі онан сайын дамытылып, несиені қайтарып беру мерзімі 20 жылға шейін ұзартылмақшы. “Жас алаш” газетінің сенбілік санында жарық көрген Талғат Ешенұлының мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа саясат іске асырылған жағдайда 200 мың отбасының баспаналы болатындығын айтқандығы тілге тиек етіліпті. “Қазақстан” газетіне берген сұхбатында сенатор Зәуреш Батталова Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауының сөз жүзінде дұрыс болғанымен, іс жүзінде жүзеге аспайды деген ойын білдіріпті. Сенатордың айтуынша Президент Үндеуі жарияланғаннан кейін бірнеше ай бойы оның бүге-шігесін талдап бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіріліп жатқанымен, нақтылы іске келгенде нәтиже болмай шығады. “Литер” басылымының сенбілік санында жарық көрген бас мақалада президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 пен 2007 жылдар аралығында әлеуметтік және медицина саласына бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуға уәде бергендігі хабарланыпты. “Алтын ғасыр” газеті болса президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі жолдауы қарсаңында жарық көрген соңғы санында “Президенттің құпия сейфі” деген мақала жариялапты. Мақалада Еуропадағы бір банкте тергеу орындарының талабы бойынша Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері бірінің президентіне арналған жек сейфті ашқанда … ішінен өзінің өлімінен кейін балаларына қалдыратын орасан зор байлығы жөніндегі мұрагерлік жазбасының шыққандығы баяндалған. Газет тілшісінің хабарлауынша, бұл құжат бойынша мұрагерлікке Қазақстандағы ең ірі зауыттар мен комбинаттардың 40 тан 70 процентке дейін мөлшердегі акциялары қалдырылған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, олардың қатарында “Казцинк”, “Қазақмыс – Самсунг”, “Қазхром”, “Испат-Кармет”, “Қазалюминий” және тағы басқа өндіріс орындарының акциялары бар. Билік басындағы соңғы өзгертулердің болғанына бір аптадан асса да мерзімді басылымдар кейбірі осы тақырыпты әлі талқылап жатыр. Саясаттанушы Ерлан Қарин “Ассанди таимс” газетіне берген сұхбатында экс-спикер Оралбай Әбдікәрімовтың тұлғасы қызмет дәрежесіне сай келмеді деген пікір білдіріпті. Ерлан Қаринның айтуынша, Оралбай Әбдікәрімовтың саясаттағы ықпалы аса зор болмаған. “Оралбай Әбдікәрімов президенттен кейінгі екінші адам болса да Қазақстандағы ықпалы күшті он саясаткердің де қатарына кірген емес” дейді Ерлан Қарин. Бұл пікірмен келіспейтін Серғазы Мұхтарбеков “Қазақстан” басылымының соңғы санында жарық көрген мақаласында саясаттанушы Ерлан Қаринның сенат спикері қызметін атқарған Оралбай Әбдікәрімовты көп көріне қоймайтын, тасада жүретін жан еді деген пікірімен келіспейтіндігін білдіріп, өз тұрғысынан дәлелдер келтірген. Сондай-ақ Серғазы Мұхтарбеков саясаттанушы Ерлан Қаринның жаңадан тағайындалған сенаттың спикері Нұртай Әбіқаевты беделі зор саяси тұлғаға айналдырғысы келген пікірі де шындыққа үйлеспейді деген көзқараста. Мақала авторының айтуынша, өткен аптадағы билік басындағы тағайындаулар ұлттық мүддені ойлағандықтан емес, қарақан бастың қамын жегендіктен жасалған қадамдар.
XS
SM
MD
LG