Accessibility links

«Шет елге жұмыс күшін шығаруды теріс, абыройсыз жұмыстарға пайдаланып отырған жалған фирмалар әсіресе, Алматы қаласында көп»

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстан Үкіметі адам саудасының құрбандарын қорғау үшін қажетті шараларды қабылдамай отырған мемлекеттердің санатында. Washington Profile-дің хабарлауынша, мұндай қортындыны Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік департаменті сарапшылары бұрынғы кеңес одағы елдеріндегі құл саудасы жағдайы туралы дайындаған баяндамаларында мәлім еткен.

Қазақстан азаматтарының шет елдерге жұмыс іздеп кетіп, адам саудасының құрбанына айналғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Бірақ Қазақстанның Бас прокуратурасының баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлы «әртүрлі халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың мәліметі Қазақстаннан жыл сайын жыныстық және басқа да мақсаттарға пайдалану үшін 4 мыңнан 7 мыңға дейін адамның шетелге шығарылатынын көрсетеді» дейді. Оның айтуына қарағанда шет елге жұмыс күшін шығаруды теріс, абыройсыз жұмыстарға пайдаланып отырған жалған фирмалар әсіресе, Алматы қаласында көп. Алматыда «Гарант» деген қоғамдық қордың президенті Атанова баспсөз бетінде шетелде еңбекақысы жоғары жұмысқа орналастырамын деп хабарландырулар берген. «Атанованың қармағына бір әйел ілігіп, өз қалтасынан 2 мың доллар берген. Атанова ол ақшаға билет әперіп, Лондонға аттандырып жіберген. Ол жерде бір әйел қарсы алады. Бірақ ол Атанованың айтқаны емес Мәскеуден «Лаки» деген ұйымның атынан қарсы алып тұрмын, жұмысқа орналастыру үшін құжатыңыз керек дейді. Ал, әлгі әйелдің құжаты ондай болмайды. Онда жыныстық қызмет көрсетіп ақша табыңыз деп мәжбүрлейді»,- дейді ол. Сәулебек Жәмкенұлының айтуына қарағанда мұндай мысалдар көп және Қазақстан көлемінде де адам саудасы орын алып отыр. «Шымкентте Шардара ауданының Қазақстанның 60 жылдығы деген ауылдан Қадырбаева деген әйел Ташкентке барғанда «Қойлық» деген базардан құр қайтпай екі өзбек азаматшасын ауылға ерте келіп, өз ауылының басқа бір азаматына 10 мың теңгеден сатып жібереді»,-дейді Сәулебек Жәмкенұлы. Қазақстан заңдарында қылмыстың бұл түрі қатайтылыпты. Бұрын нәпсіқұмарлық және басқа да мақсаттар үшін шетелге алдап алып кетуге қылмыстық жауапкершілік қаралса, енді Қазақстан арқылы осындай мақсатпен адамдарды алып өткендерге қылмыстық жауапкершілік қаралған, -дейді, заңгер Парламент Мәжілісінің депутаты Рамазан Сарпеков. Ал, Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижанов, адам саудасына байланысты бірнеше рет сауал жолдапты. «Туристік фирмалар арқылы шетелге әртүрлі жұмысқа алып барамыз деп оның ар жағында құжаттарын тартып алып, соңында қыздарымызды жезөкше үйлеріне өткізіп, болмса балаларымызды шет елге сатып жіберу деген мәселелер бар», -дейді депутат Қалижанов. Жұртшылық өкілдері болса адам саудасы туралы мәселеден хабарлары барын айтады. Сәуле есімді Астана тұрғыны шет елге жұмыс іздеп кетіп, тәлкекке түсіп жүргендердің жас қыздар екеніне қынжылыс білдірді. Жігер Байтілесов деген азамат болса адам саудасының барына сенемін, себебі бақылау жоқ дейді. Ал Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлының айтуына қарағанда Қазақстан азаматтары көбіне Израйль, Парсы шығанағы елдері, Оңтүстік Кореяға және Түркияға заңсыз шығарылады екен.
XS
SM
MD
LG