Accessibility links

Болгарияның өлім жазасына кесілгендер түрмесінің тұрғындары өздеріне жағдайдың жасалмағанын айтып шағынуда.


Болгарияның өлім жазасына кесілгендер түрмесінің тұрғындары өздеріне жағдайдың жасалмағанын айтып шағынуда. Оларға өлім жазасы үкімі алынып тасталып, өмір бойы тұтқында отыру шешімі шығарылған екен.

Азаттық радиосының тілшісі Дон Хилдің жазуынша, Г.Б. деген қылмыскер 1989-шы жылы бірнеше рет кісі өлтіргені үшін Болгария сотының шешімімен өлім жазасына кесілген екен. Ал, одан бір жыл кейін Йоргов деген де дәл осындай шешімді арқалаған. Алайда ол кезде Еуропаның өзге елдеріндегі сияқты Болгарияда да ұлы өзгерістердің орын алып жатқан кезі болатын. Нақтылай айтқанда, Еуропа одағы ұйымы өлім жазасының шығарылуына қарсы тұрған еді. Батысқа қарай бағыт түзей бастаған аталған бұрынғы социялистік ел 1990-шы жылдың шілдесінде өлім жазасына мораторий жариялаған болатын. Содан бері де он жылдан аса уақыт өтті. Г.Б. және Йорговтарға өлім жазасының орнына өмір бойы түрмеде жазасын өтеу шешімі қайта шығарылған екен. 1998-ші жылы Йоргов болса Еуропа кеңесі жанындағы Еуропа сотына өзінің түрмеде адам төзгісіз жағдайда, қай уақытта соңғы үкім орындалар екен деген күдікпен өмір сүріп жатқанына шағынып, арыз түсірген болатын. Г.Б. деген оның әлгі тағдырласы да дәл осындай арыз жазған еді. Араға біраз уақыт салып барып, әлгі Йоргов болғариялық заңгер Здрабка Калайдиевадан өзінің арыз-өтініші бойынша хұқын қорғауды сұраған екен. Ал, заңгердің пікірінше, кез-келген адамның қорғануға хұқы бар. Дей тұрғанмен, бұл екі азаматтың да сүйкімді клиенттер қатарынан емес екендігі белгілі,- дейді мақала ауторы. Мысалы, Г.Б. деген тұтқын алғаш рет өзінің бірінші әйелін өлтіргені үшін 1973-ші жылы сотталған екен. Түрмеден шыққаннан кейін ол екінші әйелін өлтіріп, ол жолы өлім жазасына кесілген. Ал, Йорговтың қылмыстарын сот орындары едәуір-ақ санамалап шыққан екен. Оның қылмыстарының қатарында жасөспірім үш баланы зорлап, соңынан өлтірген деген айыптау да бар болып шықты,- дейді мақала ауторы. Еуропа сотына жасаған шағымында Йоргов тәулігіне 23 сағат бойы ешкіммен араласуға хұқы жоқ екендігін айтқан екен. Айына екі рет оған таныс-туыстарының келуіне рұқсат берілсе керек. Осыларға қосымша, әлгі екі қылмыскер де өздерінен өлім жазасының анық алып тасталынғанын білместен, белгісіздік жағдайында өмір сүріп жатқандарын жазған боп шықты. Адам хұқын қорғаушы-заңгер Калайдиеваның айтуынша, бұл екі тұтқынның да хұқықтары заңдық жағынан қамтамасыз етілмей келген-міс. Әлемдегі талай елдерде өлім жазасына мораторий жариялау жөнінде көп айтылғанымен, оның мерзімі өмір бойына жалғасып кетуі мүмкін, деп алаңдаушылық айтуда әлгі заңгер. 1949-шы жылы құрылған Еуропа соты- өлім жазасының алынып тасталуына күш салып келе жатқан ұйым. Оған мүше 45 елдің ішінде тек Ресей ғана өлім жазасын алып тастаған жоқ. Алайда мораторий жариялады. Еуропа елдерінің ішінде Беларусия ғана өлім жазасынан бас тартпай келеді. Мұндай қатаң жаза, сондай-ақ Жапония мен Құрама Штаттарында да қолданылады-, дейді мақала ауторы Дон Хил. Жоғарыда аталған бағытты ұстанғандағы Еуропа сотының дәлелдемегі- қандай жағдайда, нендей дәрежеде болмасын, адам хұқының қорғалуы- барлық адамзат баласына бірдей тиесілі. Сондықтан да аталған сот бұл мәселені сол екі қылмыскердің пайдасына қарай шешіп отыр. Г.Б.-ға 2000 еуро, ал Йорговқа бір жарым мың еуро және оған қосымша, заңдық шығындар үшін бір мың еуродан төленетін болады. Мұндай шешім ол сот ұйымына мүше елдерге түрмедегілердің хұқын сақтау жөніндегі дабыл болса керек-, дейді мақала ауторы.
XS
SM
MD
LG