Accessibility links

Марста бір кездері өмірдің болғандығына дәлелдер табылуда.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Марста бір кездері өмір болған деген тұжырымды дәлелдеу бағытында АҚШ-тың ғарышты зерттеуші ғалымдары тағы бір, аса маңызды қадам жасап отыр.

Америка ғалымдары бір кездері Марста тіршіліктің болғандығына мықты дәлел табылғандығын хабарлауда. Вашингтонда, сейсенбі күні журналистер алдында сөйлеген сөзінде НАСА агенттігі өкілдері бұл планетада тіршілік белгілерінің өзін емес, соған дәлелдерді тапқандарын саралай айтты. Марстың бетінде жылжып жүрген екі робот арбаның бірі “Оппортунити” деп аталады. Сол роботтың жылжып жүрген жерлерінен саяз да болса, суы тұзды теңіз табылған. Бұдан бұрын 2-ші наурыз күні, дәл осы роботтардың жүріп өткен жолдарынан әйтеуір бір судың табылғаны жөнінде жарияланған болатын. Ол кезде ғалымдардың ол судың Планум деп аталатын меридианнан табылғандығын хабарлауға ғана мүмкіндігі болып еді. НАСА-ның ғарыштық зерттеулер бойынша қауымдастық өкілі Ед Вейлердің айтуынша, бұдан бұрынғы жаңалықтарға орай Марстағы жартастардың эрозияға ұшырағандығын және ол құбылыстың сумен байланысты екендігін ғана ғалымдар айта алған еді. Ал, соңғы ашылған жаңалықтар одан да маңызды, дейді Вейлер мырза. “Меридиан жартастары жай ғана судың әсерімен өзгеріске ұшырамаған. Олар шынтуайтына келгенде су ішінде, бәлкім саяз да тұзды су ішінде пайда болса керек. Бұл- аса пәрменді жаңалық. Бұл- астробиология үшін терең қорытынды. Сондай-ақ, егер сіз Марстағы қазба байлықтары жөнінде ізденіп жүрген болсаңыз, онда сіздің әуелі баратын орыныңыз осы жер”-, деді Вейлер мырза. Жартастар су ішінде пайда болған деген болжам бұл аймақтарда жеткілікті дәрежеде судың болғандығын айғақтаса керек. “Біз бұл жерде тіршіліктің болғандығын нақты білмейміз, алайда мұнда өмір сүруге қолайлы орта болғандығын білеміз”-, дейді Марсты зерттеу бойынша бас ғалым Стив Скуирес. Дей тұрғанмен, осы жаңалықтарға орай да ғалымдарға беймәлім нәрселер әлі жеткілікті екен. Мысалы, жаңадан ашылып отырған теңіздің көлемі және планетада мұндай теңіздердің қаншалықты жиі кездесетіндігі әлі зерттей түсуді қажет ететін салалар боп қалуда. Осы айтылғандарға қосымша, әлгі табылған теңіз Марстағы тұрақты су көзі ме, әлде құрғақтағы анда-санда пайда болатын уақытша су қоймасы ма, ол да- сауал туындататын жағдай. Тіпті бұл аймақта су белгісі қашаннан бері бар? Ғалым Скуирестің айтуынша, НАСА-ның қазіргі тапқан жаңалықтарының өзі осындай сауалдарға біршама жауап беретіндей. Құрама Штаттарының ғарыш агенттігі Марс планетасына әрбір 26 ай сайын, автоматты түрде басқарылатын, зерттеу құралдарын жіберіп тұру жөнінде жоспарлап отыр. Сондай зерттеу құралын 2013-ші жылы Марсқа жіберу көзделуде. Жерге ол зерттеу құралдары Марстағы жартастардың белгілі бір бөлшегін ала келмекші. Содан кейін ол бөлшектер зерттеулердің одан әрі жалғасуына негіз болады деп жоспарлануда. АҚШ елбасы Джордж Буш Марсқа зерттеуші адамдарды жіберу жөнінде ұсыныс жасап отыр. Алайда, ондай міндеттің жүзеге асырылатын нақты мерзімі жөнінде ол айта қойған жоқ-, дейді Азаттық радиосының Вашингтондағы тілшісі Андрю Тюли.
XS
SM
MD
LG