Accessibility links

Қазақстандық қант диабетімен ауыратын науқастар инсулин дәрісін тиісті орындардан уақытша тегін ала алмауы мүмкін

  • Сәуле ОМАР

Қазақстандық қант диабетімен ауыратын науқастар таяу арада олар үшін аса маңызды инсулин дәрісін тиісті орындардан уақытша тегін ала алмайды деген қауіп бар.

Бұл жөнінде сәрсенбі күні Қазақстан диабет қауымдастығының өкілдері мәлімдеді. Олардың айтуынша, мұндай жағдайдың қалыптасуына ҚР денсаулық министрдігінің 16- ақпанға белгіленген инсулин сатып алу үшін тендер өткізу мерзімін 10- көкекке ауыстыруы себеп болып отыр. Осымен байланысты 1- 2 ай мерзім аралығында Қазақстандағы қант диабетімен ауыратын науқастардың инсулинсіз қалу мүмкіндігін айтқан аталған қауымдастық өкілдері республика тұрғындарынан осы мақсатта ашылған арнайы есепшотқа ақша аудару арқылы оларға қаржылай көмек берулерін сұрап отыр.

Алматы қаласының 53 жасар тұрғыны Гүлсара Иманғазина қант диабеті ауруына шалдыққан науқастардың бірі. Ол ай сайын өз тұрғылықты орны бойынша емханаға барып, қажетті инсулин дәрісін тегін алып тұрады. « Менің қант диабетімен ауыратыным 1999-жылы анықталды. Содан бері үнемі күтініп, артық тамақтан тартынып жүремін. Негізі, әу- баста дәрі ішіп жүрдім. Сосын инсулинге көштім.Күніне 3- 5 мәрте инсулин салам» дейді Г. Иманғазина.

Осылай деген Гүлсара Иманғазина Қазақстанда алдағы айларда инсулин тапшылығы орын алу мүмкіндігі жөнінде хабарсыз. Ал, республикада қазірде осындай жағдайды басынан кешіріп отырған барлығы 20 мың 500 науқас бар . Олардың 1400-і бала. Қазақстан диабет қауымдастығының басшысы Наталья Тукалевскаяның айтуынша, ҚР денсаулық министрлігінің инсулин сатып алу үшін 16- ақпанға белгіленген тендер өту мерзімінің 10- көкекке қалдырылуын ондағылар инсулин бағасының қымбаттап, межеленген қаржыға барлық науқастарға қажетті инсулин сатып ала алмау мүмкіндігімен түсіндірген. Осылайша, тендер 10- көкекте болған жағдайдың өзінде , Қазақстанға қажетті инсулин республикаға жеткізілгенше, кем дегенде, 85 күн өтеді, ал осы аралықта науқастар инсулинсіз қалуы мүмкін, өйткені, бір жылға есептелген инсулин өткен жылдың көкек айында сатылып алынған болатын» дейді Наталья Тукалевская.

Қант диабетімен ауыратындар үшін шамалағанда, үстіміздегі жылдың маусым айында инсулин тапшылығы орын алуы мүмкін. Арадағы осы үзілісті жабу үшін қазірде 74 млн теңге немесе 530 мың доллар қаржы керек боп отыр. Егер біз бұл соманы жинай алмасақ, бірқатар науқастар өздерінің өмір сүруін тоқтатуы мүмкін. Онсыз да бір ғана өткен 2003- жылы Қазақстанда осы ауру кесірінен 3500-нан астам адам дүниеден өтті» деді Тукалевская.

Осыған орай республика жұртшылығынан көмек сұраған диабет қауымдастығының өкілдері қазірдің өзінде көптеген облыстар инсулин тапшылығын сезіне бастады дегенді алға тартты.Мысалы, Алматы қаласында тұратын науқастар үшін берілетін инсулин дәрісі алдағы көкек айына дейін ғана жетеді екен. Бұл ақпаратты Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінің бас эндакринолог дәрігері Мұхаметхан Рахимов та растады. «Қазір бізде инсулин жеткілікті, бірақ қор алдағы мамыр айына дейін ғана жетеді деп ойлап отырмыз. Тендердің кейінге қалдырылғанынан хабар ала сала, қалалық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері де ҚР денсаулық министрлігіне арнайы хат жолдағанбыз. Қазір Алматыда осы бағытта құрылған комиссия жұмыс жасап жатыр. Қала емханаларында бар барлық инсулин қоры есептеліп, көмек көрсету жағы қарастырылуда. Өйткені инсулин дәрісінің өз уақытында науқастарға жетуі олар үшін өте маңызды . Науқастар инсулинді мүлдем салмаған жағдайды былай қойғанда, дәрігерлер көрсеткен шамадан аз салған күннің өзінде науқастардың ауруы асқынуы мүмкін. Ал ондай жағдайда адамда жүрек талмасы, инсульт немесе, аяғы жараланып, кесуге тура келетіндей жағдайлар орын алуы мүмкін» дейді Мұхаметхан Рахимов.

Ал инсулин дәрісін уақтылы салмасам жағдайым нашарлап, көңіл-күйім бұзыла бастайды дегенді айтатын Гүлсара Иманғазина болса, Қазақстандық қант диабетімен ауыратын науқастар үшін инсулин мәселесі таяу арада оң шешімін табады деген үмітте.
XS
SM
MD
LG