Accessibility links

Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы партиядан шығарылды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин партия қатарынан шығарылды. Мұндай шешімді Коммунистік партияның Астана қалалық комитетінің бюросы қабылдаған және оған Серікболсын Әбділдиннің өзі кінәлі деп есептейді екен. Бұл жағдайды Парламент Мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымов құзырлы орындарға жолдаған сауалында мәлімдеді.

Коммунистік партиядан Парламент Мәжілісі депутаттығына сайланған Әбділдин партиядан шығарылғаннан кейін депутат болып қала беруі заңды ма деген сұрақты Әбілқасымов Қазақстанның Бас прокурорына, Әділет министріне және Орталық сайлау комиссиясының төрайымына қойып отыр. «Әбділдин мырза Төлен Тохтасынов деген ДВК-ның төрағасын екінші хатшы жасады. Бұл компартия толық ДВК болып кетті деген сөз. Компартияны бүлдірді. Сол себептен шын коммунистер бұл компартияға бармаймыз, бөлек боламыз деп айтып жатыр»,-дейді депутат Әбілқасымов. Әбілқасымовтың айтуына қарағанда республиканың кейбір облыстарында коммунистік партияның бір атаумен аталатын екі қалалық және облыстық ұйымдары жұмыс істейді. Депутат құзырлы орындарға жолдаған сауалында бұл мәселенің де заңдылығын сұрайды. Серікболсын Әбділдин болса, Ерасыл Әбілқасымовты «шыбыннан піл болайын деп жүргеннің бірі» дейді және оған жауап беруді қажетсінбейді. «Осының барлығына өз басым көңіл аудармаймын. Бірақ билік сондай адамдарды пайдаланып, іріткі салуға жол ашуы маған өте түсініксіз», -дейді Серікболсын Әбділдин. «Отан» партиясының парламенттік фракциясының мүшесі Хайролла Ережепов коммунистік партия төңірегінде орын алып отырған мәселені өзара түсініспестіктен тууы мүмкін дейді. Ал, Мәжіліс депутаты Асқар Қабанбаев, Ерасыл Әбілқасымов біреудің тапсырмасын орындап отыр деген пікірде. Саясаткер Балташ Тұрсынбаевтың пікірінше, коммунистік партияның басшылығындағылар келісімге келіп, партияны сақтап қалулары керек. «Коммунистік партия міндетті түрде сайлауға қатысады. Оны қатыстырмаса сайлаушылардың 30 пайызы дауыс бермей, сайлауға келмейді. Осыны сараптағанда, бір шешімге келулері қажет. Компартияны екі-үшке бөлмеулері керек. Егер сайлаушылардың 30 пайызы сайлауға қатыспайтын болса оны қайғы-қасірет деу керек Қазақстанға»,-дейді Тұрсынбаев мырза. Сонымен Коммунистік партияның Астана қалалық комитетінің бюросы Әблділдинді партия мүшелігінен шығарса, Әбілқасымов оның осы партиядан сайланған Парламент Мәжілісі дeпутаты ретінде одан әрі қала беруі заңды ма деген мәселеге сұрау салып отыр. Ал, Әбділдин болса Әбілқасымовтың айтқандары жалған дейді.
XS
SM
MD
LG