Accessibility links

Президенттің дәстүрлі жолдауы Қазақстандағы әлеуметтік, экономикалық және саяси ахуалдың түзелуіне оң ықпалын тигізе ала ма?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурыз күні Қазақстан жұртшылығының алдында өзінің кезекті Жолдауын жасағаны белгілі. Наурыздың 24 күні «Асар» партиясының ұйымдастыруымен жиналған президентшіл партиялардың өкілдері мемлекет басшысының жолдауын талқылады. Олар бұл жолдаудың Қазақстанның саяси және экономикалық ахуалын жақсартуға оң ықпалын тигізетіндігін атап өтті.

«Отан» партиясы төрағасының кеңесшісі Болатхан Тайжанның айтуына қарағанда, Президенттің дәстүрлі жолдауындағы экономикалық мәселелерге қатысты тұстары өте тартымды шыққан. Болатхан Тайжан Президент Жолдауының маңыздылығын айта келіп, оның жүзеге асатындығына сенімді екендігін білдірді. Ал, бұл басқосуға шақырылмаған саясаттанушы Нұрболат Масанов Президент Жолдауын өзін-өзін жарнамалаудың бір көрінісі ретінде бағалады. «Менің ойымша мұның бәрі де Парламент сайлауының алдындағы бағытты ұстап тұру үшін жасалып жатқан қадамдар ғана болуы ықтимал. Мен қоғам үшін маңызы жоқ бұл Жолдаудың төңірегінде әңгіме қозғалып жатқандығын түсінбеймін де. Әрине мен биліктің бұл жолдауды өз есебін түгендеу үшін пайданғысы келетіндігін жақсы түсінемін. Бірақ халық Президенттің кезекті жолдауына немқұрайлы қарап отыр. Өйткені халық баяғыдан бері президенттің сөзіне де, берген уәдесіне де сенуден қалған. Сондықтан Президенттің дәстүрлі жолдауының қоғам үшін ешқандай да маңызы жоқ. Мұның бәрі де қоғамның назарын саяси мәселелерден гөрі басқа жаққа бұрып әкету үшін жасалып жатқан қадамдар ғана. Сондай-ақ Президенттің бұл дәстүрлі жолдауының ертерек жасалуына Заманбек Нұрқаділовтың мәлімдемесі де ықпалын тигізді деп ойлаймын» деді саясаттанушы Нұрболат Масанов. «Асар» партиясының ұйымдастыруымен өткізілген Президент жолдауын талқылауға қатысқан «Қазақстанның Азаматтық» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтың айтуына қарағанда, Президент дәстүрлі жолдауын жасағаннан кейін Қазақстанның үлкен қалаларындағы пәтерлердің бағасы 25 процентке төмендеп кеткен. Азат Перуашов пәтер бағалараның төмендеуіне Президенттің дәстүрлі жолдауы оң ықпалын тигізді деп есептейді. Бұл пікірмен келіспейтін саясаткер Сейдахмет Құттықадам, Азат Перуашовтың бұл сөздері шындыққа үйлеспейді деген көзқараста. Оның айтуынша, қайта соңғы кездері пәтерлердің бағасы тым көтеріліп кеткен. Сейдахмет Құттықадам, пәтер бағалары келешекте төмендеп кетуі ықтимал, алайда оған Президент Жолдауының түк қатысы жоқ деп пайымдайды. Ал, «Асар» партиясы ұйымдастырған талқылауға қатысқан президентшіл партиялардың өкілдері Президент Жолдауының Қазақстандағы экономикалық жағдайдың түзелуіне, әлеуметтік тұрмыстың оңалуына ықпалын тигізетіндігіне сенімді екендерін білдірді.
XS
SM
MD
LG