Accessibility links

Өзбекстанда соңғы үш күнде болған террорлық шабуылдарда кемінде 24 адам қаза тауып, 30дан астам кісі жарақат алды.


Өзбекстан астанасы Ташкенде және Бұхара облысында жексенбіден бастап қатарынан бірнеше жерде террорлық жарылыстар, оқ атысулар болып, кемінде 24 адам қаза тауып, 30 шақты кісі жарақат алған. Бұл террорлық шабуылдар жөнінде сәл кештеу болса да Өзбекстан теледидары хабарлап, терроршы топтардың бұл қастандық әрекеттерін тергеу үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылғанын атап өтті.

Өзбекстандық ресми басшылық бұл шабуылдарға бірден-ақ исламшыл әсірешілдер кінәлі деп жариялады. Президент Ислам Кәримов өзінің дүйсенбі күнгі мәлімдемесінде дәлел келтірмесе де бұл шабуылдар әсірешіл діни ұйымдардың ісі деді. - Бұл уақиғаларға себебші болған, сырттан тұрып көмек берген қаржысы мол экстремистик ұйымдар бар,- деген Өзбекстан президенті. Ал Бас прокурор Рашид Қадыров болса: - Бізде бұл Өзбекстан Ислам қозғалысы ұйымының Хизб-ут-Тахрир және Вахаббилармен байланысты екендігі жөнінде ақпарат-деректер бар,- деді. Бірақ бұл қантөгісті террорлық әрекеттерге орай өзге де пікірлер баршылық. Мысалы Лондон қаласынан Хизб-ут-Тахрир ұйымы өкілі Имран Вахед өз ойын былайша жеткізеді: "Жалпы Исламда бейкүнә адамдарға шабуыл жасау күнә деп есептеледі, ондай әрекетті біз қаралаймыз. Бірақ исламшылдардың бейбіт іс-әрекеттерін басып тастау үшін кезінде Өзбекстан үкіметінің өзі Тәшкенде сондай террорлық шабуылдарды ұйымдастырғанын да біз білеміз", деген Имран Вахед 1999-жылғы ақпанда болған бомбы шабуылдарын еске алды. Сондай-ақ, оппозициядағы Эрк партиясының шет елдегі жетекшісі ақын Мұхаммад Салих: "Біз жеке адам, саяси, діни топтар, немесе үкіметтен болатын террорды қаралаймыз. Бірақ диссиденттерге қарсы қысым жасаймыз деп жүріп Өзбекстандағы саяси режим лаңкестікке жағдай жаратып қойды,"- деді. АҚШ мемлекеттік департаментінен Ричард Баучер бұл террорлық шабуылдарды мән-мағынасыз зорлық-зомбылық дейді. - Біз Өзбекстанда болған бұл террорлық әрекетті қатты қаралаймыз. Өзбекстан үкіметіне және халқына бұл ауыр қазаға байланысты көңіл айтамыз. Бұл шабуылдар өз қара мақсаты үшін қылмысқа баратындарды тоқтатуда өзара ынтымақтаса күресу қажет екендігін тағы да бір рет көрсетіп отыр,- дейді Ричард Баучер. Өзбек Сыртқы істер министрлігінен өкіл Илхом Закировтың айтуынша, қылмыскерлерді жою операциясы жалғасуда. Өлгендер, жарақат алғандар бар екенін айтқан ол, дегенімен олардың жалпы саны жөнінде еш мәлімет бермеді.
XS
SM
MD
LG