Accessibility links

Қазақстан Үкіметінің жуық уақыттағы жұмысы әлеуметтік реформаларды күшейту және табиғи монополияларды одан әрі реформалау мәселесіне бағытталатын болады

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Үкіметте білім, денсаулық салаларындағы бағдарламалармен қатар электронды үкімет концепциясының жобасы және көлеңкелі экономиканы заңдастыру жөніндегі кешенді іс-шараларға байланысты бағдарлама жобасымен жұмыс жүргізілуде . Бұл туралы наурыздың 30-ы күні Үкімет басшысының бірінші орынбасары Грегорий Марченко журналистермен кездесуінде мәлімдеді.

Грегорий Марченконың айтуынша, Қазақстан үкіметінің қарауында жатқан бағдарламалардың жобалары 10-даған заңдарға өзгерістер енгізуді көздейді. Ол заң жобалары осы жылдың мамыр айына дейін Парламент қарауына енгізіліп жыл соңына дейін қабылдануы қажет. Марченко мырза, электронды үкімет тұжырымдамасы іске асатын болса, халықтың ақпаратқа қол жеткізу жағдайы жеңілдейді, жергілікті жерде ұсақ жемқорлықтың көп болуын жоюға болады деп есептейді. «Қазақстанның Статистика жөніндегі агенттігінің мәліметтері бойынша Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың үлесі 1995 жылдан бері 37 пайыздан 23 пайызға төмендеген. Халықаралық стандарттарға қарағанда бұл жаман емес. Әйтсе де бұл айтарлықтай көп. Ал, бұл кезеңде Германияда көлеңкелі экономиканың үлесі 10 пайыздан 17 пайызға өсті. 23 пайыздық деңгей Бельгия және Венгрия секілді елдердегі көрсеткішпен сәйкес келеді»,- дейді Грегорий Марченко. Қазақстан экономистер ассоциациясы қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арыстан Есентүгеловтың айтуынша, республикада көлеңкелі экономиканың үлесі аталған деңгейден жоғары. «Бұдан 7-8 жыл бұрын оның көлемі 60 пайызға дейін баратын. Өйткені, өтпелі кезеңнің кезінде, экономика дағдарысқа ұшырап жатқан кезде көлеңкелі экономиканың көлемі кез-келген елде мейлінше өседі. Бізде де сол кезеңде өсті» дейді ол. Сондай-ақ ол көлеңкелі экономика барлық салада бар деп есептейді. Қазақстан Парламент Мәжілісінң депутаты Төлен Тохтасыновтың пікірінше, Қазақстан Президентінің халыққа жолдауына байланысты жасалып жатқан үкіметтік бағдарламалар көп сұрақ туғызады. «Үкіметтің монитарлық саясатына сәйкес келмейді. Себебі, 100 миллиардтан аса қаржы келесі жылы бюджетке қосымша қосылады деп отыр. Бірақ ол қаржы тауармен жабылған жоқ. Сондықтан инфляция болуы мүмкін»,-дейді ол. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Греогорий Марченко журналистермен кезесудінде Үкіметтың ағымдағы басқа да іс-шараларын баян етті.
XS
SM
MD
LG