Accessibility links

“Сөз”, “Время”, “МК в Казахстане”, “Начнем с понедельника”, “Түркістан”, “Мегаполис”, “Ана тілі”.


Қазақгейт” атты сот процесі төңірегіндегі әңгімелер, Ғалымжан Жақияновтың тағдыры және Өзбекстандағы соңғы оқиғалар 1 көкек күні жарық көрген мерзімді басылымдардың басты тақырыбына айналыпты.

“Қазақгейт” атты сот процесі төңірегіндегі әңгімелер, Ғалымжан Жақияновтың тағдыры және Өзбекстандағы соңғы оқиғалар 1 көкек күні жарық көрген мерзімді басылымдардың басты тақырыбына айналыпты. “Сөз” газеті келтірген деректерге жүгінсек, Америка Құрама Штатында өтетін “Қазақгейт” атты сот процесінің басталуына мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі себепші болған. Мақала авторының айтуынша, экс-премьер Әкежан Қажыгелдинді әшкерелегісі келген Нұрсұлтан Назарбаев белгия билігінен Қажыгелдиннің құпия есеп-шотын ашуға өтініш білдірген. Міне осы өтініш бойынша жұмыс жасаған бельгиялық тергеушілер, қазақстандық лауазымы жоғары шенеуніктері ашқан есеп-шоттардың үстінен түседі. Газет тілшісінің хабарлауынша, осы оқиғадан кейін олар құпия-есеп шоттарға қомақты қаржының аударылуына Қазақстан Президентінің кеңесшісі Джеймс Гиффеннің де қатысы бар екендігін жазып сұрау салады. Мақала авторының айтуынша, осы оқиғадан кейін экс-премьер Әкежан Қажыгелдин мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон шалып, “құпия-есеп шоттарының” ашылғандығымен құттықтаған көрінеді. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Қазақгейт” оқиғасы туралы жазған журналистердің бәрі де құдалауға ұшырап, түрмеге қамалып, баласынан айырылып немесе белгісіз себептерден қаза тапқан. “Время” газетінің бейсенбілік санында өткен аптада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың журналист Генадий Бендицкиді қабылдағандығы хабарланыпты. Мемлекет басшысы журналисті қабылдаған кезде коррупциямен күрестің Қазақстан үшін ең маңызды мәселелердің бірі болып табылатындығын атап өтіпті. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, коррупциямен күресте сөз бостандығының алатын орны зор көрінеді. “МК в Казахтане” газетіне берген сұхбатында саясаттанушы Сәбит Жүсіпов мерзімінен бұрын президенттік сайлаудың өтуі мүмкін екендігі туралы болжам жасапты. Дегенмен Сәбит Жүсіпов ол сайлау биылғы жылы өтуі мүмкін емес деп есептейді. Сонымен қатар “Құшмұрын” түрмесінде жазасын өтеп жатқан Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы басшыларының бірі Ғалымжан Жақияновтың тағдыры туралы мақалалар да мерзімді басылымдардың назарынан тыс қалмапты. “Начнем с понедельника” апталығына берген сұхбатында мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов “Құшмұрын” түрмесінде отырған Ғалымжан Жақияновқа жиі баратындығын айта келіп, оның бүкіл тағдырының мемлекет басшысының қолында тұрғандығынан хабардар етіпті. Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы басшысының үстінен тағы да қозғалған төрт қылмыстық іске байланысты қойылған сауалға мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов бұл сауалдарға Ғалымжан Жақияновтың өзі түрмеден шыққаннан кейін жауап берер деп жауап қайтарыпты. “Сөз” газетінің бірінші бетінде жарық көрген бас мақалада Ғалымжан Жақияновтың тұтқындалғанына екі жыл толғандығы хабарланып, 10 көкек күні қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері Президенттен оның түрмеден босатылуын талап етіп шеру өткізетіндігі баяндалыпты. Мақала авторының пайымдауынша, шеру уақыты таяғанда шенеуніктер оны өткізуге рұқсат бермей қоюы ықтимал. Өзбекстан мемлекетінің бас қалалары Ташкент пен Бұхарада орын алған жарылыс оқиғаларына да 1 көкек күні жарық көрген мерзімді басылымдар айрықша назар аударыпты. “Түркістан” басылымының бейсенбілік санында жарық көрген мақаласында Гүлнар Мұқанова, Кәримов басшылығындағылар осы терактіні желеу етіп, Өзбекстан билігі өздеріне іс жүзіндегі негізгі оппозиция болып отырған “Өзбекстандағы Ислам қозғаласын” ашық түрде тұншықтыруға жол ашты деген ой айтады. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Өзбек Қауіпсіздік қызметіндегілер Ислам қозғалысына қатысты жандарды іздеп, Ферғана аймағындағы Қырғыстанның Өзбекстанмен шектесетін Ош, Баткен, Жалалабад облыстарына шейін барлау жасап қайтпақшы екен. “Бұл жарылыстарды Ислам Кәримовтың режиміне наразы адамдар ұйымдастыруы да мүмкін” деп жазады “Мегаполис” апталығы бейсенбілік санының бірінші бетінде жарық көрген бас мақаласында. Мақала авторының пайымдауынша, келешекте президент Ислам Кәрімов бұл жарылыстарға халықаралық террористік ұйымдардың қатысы бар екендігін дәлелдеуге тырысып, соның арқасында Америка Құрама Штатынан қаржылай көмек алуға және өзінің режиміне қарсы оппозициялық күштерді басып жаншуға ұмтылады. “Ана тілі” газетінің бейсенбілік санындағы ақпараттар ағымында Өзбекстанда терроршылыққа қарсы күрес операциясы нәтижесінде 920 кило жарылғыш заттың тәркіленгендігі хабарланыпты.
XS
SM
MD
LG