Accessibility links

Павлодардағы “Кастинг” зауытына келген металл сынықтарының ішінен 29 тонна жарылғыш заттар табылды.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сенбі күні “Азаттық” радиосына Павлодардағы “Кастинг” зауытына келген металл сынықтарының ішінен үлкен көлемдегі жарылғыш заттардың табылғандығы туралы ақпарат мәлім болған еді.

Осы ақпарат түскеннен кейін Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Павлодардағы бөлімшесіне, “Кастинг” зауытына және Павлодардағы Төтенше Жағдайлар жөніндегі басқармаға хабарласқанымызбен, олардың кейбіреуі мұндай мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтіндігін айтты. Біз Павлодардағы “Кастинг” зауытына хабарласқан кезімізде, зауыттың бас инженері Евгений Николаевич бұл ақпараттың шындыққа үйлеспейтіндігін тілге тиек етті.

“Сіздерге бұл ақпаратты кім таратса, солар оны ары қарай тарата берсін дегім келеді. Мұны сіздірге кім айтты?. Міне, ең сол адаммен сөйлесу қажет. Екіншіден сіз менімен телефон арқылы сөйлесіп тұрсыз. Аты-жөніңізді, жұмыс істейтін мекемеңіздің атын айтқаныңызбен, мен сіздің кім екендігіңізді қайдан білемін?. Сондықтан да сізге бұл жөнінде ештеңе айта алмаймын” деді “Кастинг” зауытының бас инженері Евгений Николаевич, Біз осы мәселеге байланысты, сенбі күні Павлодардағы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің бөлімшесіне де хабарластық. Алайда атын атағысы келмеген Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің қызметкері бұл ақпаратты растаған жоқ, алайда жоққа да шығармады. “Бұл туралы сіз, тек дүйсенбі күні баспасөз орталығынан мәлімет ала аласыз. Менде қазір ешқандай ақпарат жоқ. Өйткені ол жерде қазір адамдар жұмыс жасап жатыр”, деп жауап қайтарды атын атағысы келмеген, Павлодардағы Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың қызметкері.

Ал, сейсенбі күні “Қазақстан тудей” агенттігі, Павлодардағы “Кастинг” зауытынан табылған үлкен көлемдегі жарылғыш заттардың экспертизаға жіберлігендігі туралы ақпарат таратты. Ол ақпаратта бұл металл сынықтарының темір жолы арқылы, Оңтүстік Қазақстан облысынан келгендігі айтылыпты. Сондай-ақ вагонда металл сынықтарының арасынан 29 тонна жарылғыш заттың табылғандығы туралы да дерек баяндалыпты. Ақпараттағы келтірілген мәліметте, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті департаментінің, Әскери комиссариатпен және Төтенша жағдайлар жөніндегі Агенттікпен бірлесе отырып, жарылғыш заттарды залалсыздандыру жұмысын жүргізгендігі де хабарланыпты. Алайда осы жолы да байланысқан кезімізде, Павлодардағы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің бөлімшесіндегі кезекші, әзірше бұл жөнінде ешқандай да мәліметтің жоқ екендігінен хабардар етті. Мәселенің анығын білу үшін біз “Кастинг” зауытының басшылығына да хабарластық. Алайда күні бойы хабарласқанымызбен телефон тұтқасын ешкім көтерген жоқ. Ал зауыттағы атын атағысы келмеген жұмысшылардың бірі бұл жөнінде ешқандай да хабарының жоқ екендігін айтты.

Біз осы мәселеге байланысты Палодардағы төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Филолов Игорь Викторовичке де хабарластық. Ол бізге бұл туралы толық мағлұмат бере алмайтындығын, алайда “Кастинг” зауытында осындай оқиғаның шынында да орын алғандығын растады.
XS
SM
MD
LG