Accessibility links

Биліктегі соңғы өзгерістер нені білдіреді?

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен министрлер кабинетінде өзгерістер орын алды. Денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев қызметінен алынып, оның орнына Қаржы министрі Ерболат Досаев келді. Ал Қаржы министрі қызметіне Қазақстан Даму Банкінің төрағасы болған Арман Дунаев барды. Қазақстан Президентінің Жарлығымен орын алған тағы бір өзгеріс, Мемлекет басшысы Қызылорда облысына жаңа әкім тағайындады. Оған осыған дейін Қазақстанның Малайзия және Филиппин елдеріндегі Елші қызметін атқарған Икрам Адырбеков барды. Ал Президент жарлығымен Қызылорда облысының әкімі болған Серікбай Нұрғисаев Президенттің кеңесшісі болса, Денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев Қазақ мемлекеттік Медициналық Академияның ректоры болып тағайындалды.

Енді жоғарыдағы билікте орын алған өзгерістер саясаткерлердің пікірлерінше, қандай мақсатты көздейді?! Алдымен Қазақстан Парламент мәжілісінің депутаты, Коммунистер партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин жоғарыдағы өзгерістердің болатыны Президенттің жасаған кезекті Жолдауында-ақ белгілі болған дейді. «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса дегендей, Елбасы кадр саясат жөнінде не істеймін десе, сонны істейді. Ол наурыз айында Парламентке келгенде Денсаулық сақтау министрін де, Білім министрін де сынап кеткен. Оның сынайтындай жағдайы жоқ болатын», – дейді Серікболсын Әбділдин.

Ал Азаматтық партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы мұндай өзгерістердің елге қажеттігін айтады. «Біз енді ел басқару саясатында Еуропа үлгісіне еліктеп жатырмыз ғой. Еуропада үлкен университеттердің ректоры ғалым емес, менеджерлер. Білім саласын ұйымдастыру жағын, экономикалық-қаржы мәселесін жақсы біледі де, Жоғары оқу орындарындағы ғалым ғылымымен айналысады. Ал барлық басқару шаруасын менеджерлер жасайды», – дейді Амангелді Айталы.

Отан партиясы фракциясының мүшесі Серік Әбдрахмановтың пікірінше, Денсаулықсақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев осы салаға келіп жатқан қаржыны реттей алмаған.

Ал Мәжіліс депутаты, Коммунистер партиясының хатшысы Төлен Тоқтасыновтың пікірі төмендегідей: «Ерболат Досаевтың қаржы министрлігінен босатқан себебі, меніңше ол Үкімет басшысының орынбасары Г.Марченконың ұсынысымен жасалған. Үкіметте үлкен келіспеушілік бар. Сонымен қатар үлкен келіспеушілік Премьер-министр Даниял Ахметов пен оның орынбасары Григорий Марченконың арасындағы болып жатқан жағдай».

Экономика саласының маманы Қаржы министрі қызметін атқарып келген Ерболат Досаевтың медицина саласын басқаруы нені білдіреді деген сауалға Коммунистер партиясының серкесі Серікболсын Әбділдин төмендегіше жауап қайтарады: «Менің ойымша бұл қателіктің бірі. Өйткені әрбір саланың өзінің бір ерекшелігі болады. Ондай қателікті бұрын да бір жасап, қаржы жөніндегі білімі бар адамды апарып, Ауыл шаруашылығына министр қылып қойғанда да біз көргенбіз. Ол барған адамның өзіне де өте қолайсыз болады».

Ал Амангелді Айталы болса, Денсаулықсақтау министрлігінде қаржы өте көп. Ол қаржы көздерін реттеу, орнымен жұмсау үлкен мәселе. Қазақстан Президентінің бір саладағы билік тізгінін жастарға ұстатуын асығыс жасалған тірлік деп біледі Әміржан Қосанов. Оның ойынша, кадр саясатында мұндай асығыстықтың керегі жоқ. Қазір жастардың өскенін қалаймыз. Бірақ өкінішке орай мына орта буын ұмытылып бара жатыр. Елуді еңсеріп, алпысқа әлі жете қоймаған үлкен топ бар. Олар мемлекеттік қызметке осы күнге дейін адал қызмет етіп келген азаматтар. Бәлкім олардың бір кемшілігі біреудің күйеу баласы не болмаса құдасы емес шығар, – дейді Әміржан Қосанов.

Жоғарыдағы саясаткерлердің пайымдауынша, бұлар үлкен өзгерістердің басы ғана.
XS
SM
MD
LG