Accessibility links

Freedom House – Бостандық үйі демократиясы нашар дамыған елдер қатарында Қазақстанды атады.


АҚШта орналасқан демократиялық табыстар мен жаңалықтарды зерттейтін ұйым Freedom House әлемнің 200ден астам елдерінен 30ын таңдап алып, Жолайрықтағы елдер деген атпен талдау баяндамасын жариялады. Олар - негізінен Азия, Орталық Азия, Қапқаз және Африкадан демократия жолына енді ғана аяқ басып келе жатқан 29 ел. 30-шысы - жалпы Еуропадан жалғыз, Украина.

Атап өтерлік жағдай - 30дың ішінде бұл тізімде Тәжікстан мен Түрікменстан жоқ. Freedom House-тың бұл тізімінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен бірге бұрыңғы советтік аймақтан 3 Қапқаз елі Гүржістан, Армения, Әзірбайжан және Еуропадан Украина ғана бар. "Қазақстанға көршілес Қырғызстан демократияға ол аймақта алғаш аяқ басқанымен одан әріге бара алмай отырып қалды. Елбасына Саакашвили келгенге дейін Гүржістан мен Арменияның жағдайы бір еді. Яғни Армения және онымен қатар Украинадағы шектеулі демократиялық реформаның өзі қауіп астында" делінген бұл соңғы баяндамада. Freedom House Қазақстанмен тікелей көршілес ел Өзбекстанды әлемдегі ең репрессиялы, азаматттардың құқығын аяқ асты етіп келе жатқан қатаң режимді мемлекеттердің бір депті. Саясат, баяндама-есеп, сөз-ақпарат өз алдына, Өзбекстандағы ондай ахуалды жақсы білетін Еуропа Қайта Құру және Даму Банкының президенті Лемиер өткен күні ғана Өзбекстанға несие беруді тоқтатып: "Eнді ол елде бизнес жүргізбейміз,"- деді. Aмерикандық бұл зерттеу орталығы Қазақстан мен Әзірбайжанды бір қатарға қойып, аутoритарлық жүйедегі саяси бәсекелестік мүмкіндігі шектеулі елдер депті. Халықаралық адам құқықтары ұйымы Human Rights Watch-тың өкілі Вероника Лейланың айтуынша, демократиялық, экономикалық реформалар деңгейін өлшер кезде Өзбекстанға қойылған талап енді Орта Азиядан Түрікменстан, Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстанға, сондай-ақ, 3 Қапқаз еліне және Украинаға да қойылмақ.

Вероника Лейланың пікірінше, Қазақстан мен Өзбекстандағы адам құқықтары бойынша қол жеткізілген табысқа орай АҚШ дер кезінде дерек-мәлімет жариялап, тек қана соған орай көмек ұсынуы қажет. Бұл орайда Орталық Еуроазия және халықаралық салыстырмалы білім беру мәселесімен шұғылданатын американдық зерттеуші Карилин Киссейннің кейбір қорытындыларын келтіре кетуге болады. Зерттеушінің жазуынша, Қазақстан өткен 12 жылда Орта Азиядағы 5 мемлекет ішінде, салыстырып алғанда, нарықтық экономика және инфрақұрылым дамуында үлкен табысқа жеткен. БҰҰ мәліметіне қарағанда, кедейшілік 2000-жылғы 42 пайыздан 2003 жылы 28 пайызға төмендеген. Бірақ керісінше, ауторитарлық режим, тума-туыстық сыбайластық байланыс, оппозицияға қысым Қазақстанда аса жоғары деңгейде өркендеген. Елдегі барлық дерлік билік тізгінін өз қолына алған бұрыңғы компартия хатшысы, қазіргі президент Назарбаев демократияға жат жолдармен теорияда өзі айтатын реформаларды бұзып келеді. Дәлірегі саяси және азаматтық реформаларға келгенде, Қазақстан бұл салада кері кетті. Адам құқықтары, баспасөз еркіндігі шектеліп, елді сыбайлас жемқорлық жайлады,- деп жазады Каролин Киссейн. 7 баллдық өлшем бойынша, зерттеуші Қазақстандағы азаматтық бостандық деңгейін 3,53 деп бағалайды. Қазақстан Ата заңның 15, 17 баптарына орай, азаматтар дене азапталуынан қорғалуы тиіс. Бірақ Human Rights Watch-тың деректеріне қарағанда, адамдар заң-тәртіп қорғайтын полициядан ғана емес, тіптен қауіпсіздік қызметі өкілдерінен де таяқ жеп, азап шегіп келе жатқандығы сыр емес деп, зерттеуші Киссейн абақтыда өлген, азапталған азаматтардың тізімін келтіреді. Мысалы олардың арасында журналист Лира Байсеитованың қызы Лайла, ұйғыр қауымы белсендісі марқұм Дилбирим Самсақова жане басқалар бар. Заң-тәртіп саласындағы жетістік 7 баллдық деңгеймен өлшегенде 1.90 ға тең екен. Яғни өте төмен көрсеткіш. Бұл саланың өзінде сыбайлас жемқорлық, парақорлық жайлаған. Коррупция үкіметтік деңгейге дейін көтерілген. 2003 жылы қозғалған ең атышулы қылмыстық іс Қазақстаннан сыртта - АҚШ-та америкалық бизнесмен Джеймс Гиффенге қарсы қозғалды. Нью Йорктағы жоғарығы сот Контракт келісімге қол жеткізу үшін Гиффен қазақстандық ресми басшылыққа 78 млн доллар пара берген деген айып тағып отыр,- дейді зерттеуші. Міне осындай көлеңкелі жәйттердің негізінде Freedom House Қазақстанды аутoритарлыы режимдегі ел деп бағалаған.
XS
SM
MD
LG