Accessibility links

“Время”, “МК в Казахстане”, “Түркістан”, “Мегаполис”, “Начнем с понедельника”, “Сөз”, “Жас алаш”, “Азат”.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Өзбекстанның бас қалалары Ташкент пен Бұхарада орын алған жарылыс оқиғаларын талқылау мен 10 көкек күні “Сары-Арқа” кинотеатрының алдында Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы жетекшілерінің бірі Ғалымжан Жақияновтың түрмеден босатылуын талап ететін рұқсат етілген митингінің өтетіндігі мерзімді басылымдардың басты тақырыбына айналыпты.

Өзбекстанның бас қалалары Ташкент пен Бұхарада орын алған жарылыс оқиғаларын талқылау мен 10 көкек күні “Сары-Арқа” кинотеатрының алдында Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы жетекшілерінің бірі Ғалымжан Жақияновтың түрмеден босатылуын талап ететін рұқсат етілген митингінің өтетіндігі мерзімді басылымдардың басты тақырыбына айналыпты. Өзбекстан Республикасының бас прокуроры Рашид Қадыров, соңғы орын алған оқиғаларға байланысты 2 көкек күні жасаған мәлімдемесінде “аль-Қаеда” атты халықаралық террористік ұйымды айыптаған болатын. “Время” апталығының бейсенбі күнгі санында жарық көрген саясаттанушы Александр Нарижныйдың мақаласында мұндай оқиғаның белең алуына басқа себептердің ықпалуы болуы мүмкін деген болжам жасалыныпты. Мақала авторының айтуынша, Өзбекстандағы әлеуметтік ахуалдың нашарлап кетуі мен режим қыспағының күшейуі осындай оқиғалардың орын алуына әкеліп соқтырып отыр. Газет тілшісінің хабарлауынша, бүгінгі таңда Өзбекстандағы орташа айлықтың көлемі 20-25 доллар, ал еттің бағасының бір килосы 3 доллар тұрады. Халқының саны 25 миллионнан асатын, Өзбекстанның жылдық бюджеті Қазақстанмен салыстырғанда үш есе кем. Қазақстанға соңғы он жылдың ішінде 24 миллиард доллар инвестиция құйылса, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 14 миллиардты құрайды. “МК в Казахстане” газетіне берген сұхбатында саясаттанушы Сәбит Жүсіпов, Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов, режимді күшейту арқылы оппозицияның пайда болуына ықпал жасады деген ой білдіріпті. Алайда саясаттанушы Сәбит Жүсіпов бұл жарылыстарды “Хизб –ут- тахрир” ұйымы ұйымдастырды деген пікірмен келіспейтіндігін айтып өтіпті. Сәбит Жүсіповтың айтуынша. “Хизб-ут-тахрир” ұйымының бағдарламасында күш қолдану әрекеті арқылы билікке жету мақсаты көзделмеген. Сәбит Жүсіпов орын алып жатқан лаңкестіктердің бәрін де “Хизб-ут-тахрир” ұйымына жабудың артында, Өзбекстандағы бәсекелес идеологияның жолын кесу пиғылы жатыр деген қорытынды жасайды. Осы тақырыпты жалғастырған “Түркістан” басылымында жарық көрген Гүлнәр Жұмабекқызының талдау мақаласында “Хизб-ут – тахрир” ұйымының “біздің бұл терактіге қатысымыз жоқ. Өйткені, Ислам партиясы - өз мақсаттарына жету үшін террорды қолданбайды” деген мағынадығы хабар таратқандығы айтылыпты. Мақала авторы “терроризммен күрес” шаралары шарықтау шегіне жеткен кезде, бұл терактіге әлем көз тігіп отырған “әл-Қаеда” қозғалысын себепші қылу – Ташкенттің мүддесіне сай келетіндігін атап өтіпті. “Мегаполис” апталығының 8 сәуір күнгі санында жарық көрген Ахас Тәжутовтың талдау мақаласында Өзбекстандағы ахуалдың жыл өткен сайын күрделене беруі мүмкін екендігіне қатысты болжам жасалыныпты. Сонымен қатар Алматы қаласында Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы басшыларының бірі, бүгінгі таңда Құшмұрын түрмесінде жазасын өтеп жатқан Ғалымжан Жақияновты түрмеден босатуды талап ететін рұқсат етілген митингінің өтетіндігі де мерзімді басылымдардың назарынан тыс қалмапты. “Начнем с понедельника” апталығының соңғы санында жарық көрген Виктор Ковтунскидің мақаласында бұ шерудің көкектің 10 күні сағат 11 де Сары-Арқа кинотетрының алдында өтетіндігі баяндалыпты. “Сөз” газетінің соңғы санында “Жақияновқа бостандық беру керек” деген тақырыппен “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясының мәлімдемесі жарық көріпті. “Жас алаш” газетінің бейсенбілік санында жарық көрген “Ақ жол” демократиялық партиясы саяси атқару комитетінің мәлімдемесінде Ғалымжан Жақияновтың түрмеде отыруы мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретіндігі, Қазақстандағы бүгінгі және болашақтағы саяси процестерге ықпал ететіндігі айтылыпты. Сондай-ақ мәлімдемеде Ғалымжан Жақияновтың абақтыда бұдан әрі отыра беруі оның денсаулығына қауіп төндіретіндігі және шет елдегі қоғамдық күштердің алаңдаушылығын туғызып отырғандығы баяндалыпты. “Біз Ғалымжан Жақияновты тез босатуды жақтаймыз. Бұл тек гуманизм шарасы ғана емес, сонымен бірге ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, Қазақстанның халықаралық беделі мен абыройын жақсартуға жәрдемдеседі деп сенеміз” делінген “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов қол қойған саяси мәлімдемеде. “Азат” газетінің соңғы санында да Ғалымжан Жақияновқа байланысты мақалалар топтамасы беріліпті. Сондай-ақ жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қалмұқан Исабай, Фариза Оңғарсынова, Назарбек Қанафияұлының Ғалымжан Жақияновтың тағдырына алаңдаушылық танытып, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хаттарынан үзінділер де газеттің осы санында қайта беріліпті.
XS
SM
MD
LG