Accessibility links

Қазақстандағы орыс ұйымдарының бірігуінің себебі не?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Үстіміздегі жылы «Лад» атты Республикалық славян қозғалысының құрылғанына он жылдан асты. Кейбір сарапшылардың айтуынша, бұл қозғалыстың өкілдері өздерін оппозициялық бағыт ұстайтын ұйымның қатарына жатқызбайды. Алайда олар, Қазақстанда болып жатқан саяси процестерге араласып тұрады. Жалпы Қазақстанда бірнеше орыс, славян, казак қауымдастықтарының бар екендігін атап өткен жөн.

Қазақстандағы орыс, славян, казак қоғамдық қауымдастығының атқару комитетінің төрағасы Генадий Беляков, сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында «Лад» атты республикалық славян қозғалысының, негізінен орыс өкілдерінен құралған бірнеше қоғамдық ұйымдардың басын біріктіретін бір ұйымның аясына топтасу керектігі туралы ұсынысын қуаттайтындығын мәлімдеді. «Қазақстанда орыс, славян, казактарды біріктіретін қауымдастық жұмыс істеп жатыр емес пе? Біз осы қауымдастықтың негізінде Қазақстандағы барлық орыс ұйымдарын өз қатарымызға тартқымыз келеді. «Лад» атты республикалық славян қозғалысының өкілдері осы ұсынысты қолдап мәлімдеме жасады. Біз бұл мәлімдемені Қазақстан Президентінің Жолдауынан кейін, оның ұстанған бағытын қолдау үшін жасап отырмыз. Сондықтан да біздің тарапымыздан мемлекеттке қарсы ешқандай да іс қимылдардың жасалмайтындығына толық сенсеңіздер болады» деді Қазақстандағы орыс, славян, казак қоғамдық қауымдастығының атқару комитетінің төрағасы Генадий Беляков.

«Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі Болат Шарахымбай «Лад» атты республикалық славян қозғалысының өкілдеріне мұндай мәлімдеме жасауына, мемлекет басшысының Еуразия одағын құру туралы идеясының әсері болуы мүмкін деп есептейді. Болат Шарахымбай орыс ұйымдарының бірігуіне үрке қараудың қажеті жоқ деп есептейді.

Бұл пікірмен келіспейтін ақын Серік Қапшықбай Қазақстандағы орыс, славян, казактардың бір ұйымның астына бірігуі, ең алдымен мемлекеттік тілге қатер туғызуы ықтимал деген ойын білдірді. Қазақстандағы кейбір сарапшылардың айтуынша, орыс, славян, казактардың басын топтастыратын бір ұйым құру ұсынысының артында, алдағы келе жатқан Парламент сайлауына дайындық жатуы ықтимал.
XS
SM
MD
LG