Accessibility links

Ирақтың Фаллужа қаласындағы атыстар салыстырмалы түрде тоқтап тұр.


Фаллужа қаласындағы көтерілісшілер мен АҚШ күштері арасындағы атыстар бір хабарларға қарағанда, тоқтап тұр. Ал, келесі бір хабарларға қарағанда атыстар басталып кеткен-міс. Сонымен бірге, Қытай және Жапон елдерінің ресми өкілдері Ирақта кепілдікте отырған өз азаматтарын босатып алу үшін әрекет етуде.

Хабарларға қарағанда, Фаллужа қаласы сыртында аракідік атыстардың естіліп қалғандығына қарамастан, салыстырмалы түрде атыстар тоқтап тұр. Осындай тыныштық сәтті пайдаланып, қаланың бірнеше мыңдаған тұрғындары, бір апта бойы шайқас болған бұл қаланы тастап шығуға тырысуда. Өткен аптада АҚШ әскери күштері қала ішіндегі көтерілісшілерге қарсы пәрменді шабуылдарын бастағалы бергі аралықта, қала ауруханаларындағы дәрігерлердің айтуынша, 600-ден аса ирақтықтар қаза болған екен. АҚШ әскери өкілдері болса, “ол қаза болғандардың көпшілігі көтерілісшілер еді”,- деп дау айтуда. Алайда, соңғы қаза болған адамдар мәйтін өз көзімен көрген Ассошиейтед пресс ақпарат агенттігі тілшісінің айтуынша, қаза болғандардың көпшілігі балалар мен әйелдер екен. Ең соңғы мәліметтерге қарағанда, өткен апта ішінде, Ирақта 62 АҚШ солдаты қаза болған. Ирақтағы АҚШ әкімшілігі басшысы Пол Бремер мырза келісімшартпен жұмыс істеген әлгі америкалық төрт азаматты өлтіргендерді ұстап берулерін Құрама Штаттарының талап етіп отырғандығын айтты. Файненшл таймс газеті тілшілерінің жазуынша, Фаллужадағы шайқасқа қатысудан Ирақ әскерлері бас тартқан екен. Бұл жағдайдың өзі Ирақта сенімді қауіпсіздік күштерін қалыптастыруда Құрама Штаттарының жоспарын тығырыққа тіреп отыр, дейді сарапшылар. Ал, Ирақта сенімді деген қауіпсіздік күштерін қалыптастыру ісі Құрама Штаттарының стратегиялық бағытындағы аса маңызды сауал боп табылады. Яғни, ондай сенімді қауіпсіздік күштерін 30-шы тамыздағы билікті тапсыруға дейін жасақтау- АҚШ үшін Ирақта қалыпты жағдай орнатудағы басты шарттардың бірі. Тағы бір хабарларға қарағанда, Ирақ полициясы көтерілісшілерге қарсы шайқасудан бас тартпақ түгілі, сол көтерілісшілерге көмектесуге көшкен сыңайлы. Коалиция күштерінің басқыншылығына қарсы көтерілістің негізгі орталығына айналған Фаллужа қаласындағы шайқастардың екінші аптаға ұласып кетпеуі үшін жексенбі күні АҚШ тағайындаған Өкіметтік кеңес өкілдері мен елдегі рухани көсемдердің барынша күш салғаны белгілі. Сол Файненшл таймс хабарына қарағанда, соңғы екі күн ішінде Ирақта америкалық сегіз солдат қаза болған екен. Қытай және Жапон ресми өкілдері Ирақтағы түрлі топтар арқылы кепілдікке алынған өз азаматтарының тез арада босатылуын талап етуде. Қытайлық жеті азамат кеше Фаллужада белгісіз бір топ арқылы кепілдікке алынған екен. Содықтан да Қытайдың Бағдаттағы дипломатиялық қызмет басшысы Сун Бигаң Ирақ ішкі істер министрлігінен қолдан келген мүмкіндіктердің бәрін қарастыруды сұраған. АҚШ елбасы орынбасары Дик Чейни аймаққа жасайтын сегіз күндік сапары барысында Токиоға келген болатын. Чейни мырза Ирақтағы жасақтарын кері шақырып алудан бас тартып отырған Жапония өкімет басшысы Юнихиро Коизумидің шешімін қуаттады. Кездесуден кейін журналистер алдында сөйлеген сөзінде Чейни мырза аталған кепілдіктегі тұтқындарды босату жолында Құрама Штаттарының қолдан келген шараларды атқарып жатқандығын айтты. Соңғы мәліметке қарағанда, кепілдіктегі британиялық азамат АҚШ күштері қолына тапсырылған екен.
XS
SM
MD
LG