Accessibility links

11-ші қыркүйек оқиғасының алдын-алу үшін жеткілікті дәрежеде шара қолданбады,-деген сыннан АҚШ елбасы Джордж Буш өзін-өзі ақтап алуға тырысуда.


11-ші қыркүйек оқиғасының алдын-алу үшін жеткілікті дәрежеде шара қолданбады,-деген сыннан АҚШ елбасы Джордж Буш өзін-өзі ақтап алуға тырысуда. Бұл орайда қос партия өкілдері тарапынан құрылған арнайы комиссия мәліметтерді жинақтауда.

2001-ші жылғы 11-ші қыркүйек шабуылдарынан бір айдай уақыт бұрын құпия қызмет тарапынан жасалған мәлімдемеге жете назар аудармады, деген сынға орай АҚШ елбасы Джордж Буш мырза: “Сол “Елбасыға арналған күнделікті ақпараттық мәлімдемеде” Америкаға жасалатын шабуылдар жөнінде ешнәрсе айтылмаған еді. Онда біреудің мақсаты, оның Американы жек көретіндігі жөнінде айтылған болатын. Біз ол жөнінде білгенбіз”,- деді Буш мырза. Екі беттен тұратын сол мәлімдеменің аты “Бин Ладен Америкаға шабуыл жасауды көздеуде” деп аталған. Бұл құжат Орталық барлау агенттігі тарапынан елбасының 2001-ші жылдың 6-шы тамызындағы басқосуына әзірленген екен. Мәлімдеме былай деп басталған: “құпия, шетелдік өкімет және бұқаралық ақпарат бұлағы хабарларына қарағанда Осама Бин Ладен 1997-ші жылдан бері АҚШ-қа террорлық соққылар жасауды ойлауда”. Бұл құжатта шабуылдардың болуы мүмкін мезгілі айтылмағанымен, нысананың бірі ретінде Нью-Йорк қаласы аталған. Тіпті шабуылдардың ұшақ алып қашу арқылы немесе басқа жолдармен жүзеге асуы кәдік екендігі ескертілген екен. Ал, ол шабуылдар үшін Осама Бин Ладен мен Әл-Қайда ұйымының айыпталғаны белгілі. Буш мырза болса, сәуірдің 10-і күні жариялаған мәлімдемесінде “төніп тұрған қатер жөнінде әлгі құжаттарда жаңа мәліметтер айтылған жоқ еді” деп жариялады. “Әрине, Осама бин Ладеннің Американы жек көретіндігін біз онсыз да білетінбіз”-, деді елбасы жарияланған мәлімдемесінде. Буш мырза қараша айындағы елбасылық сайлауларға қайта түспек ниетте жүргенде мұндай құжаттың алдынан шығуы, оның сайлау алды науқаны үшін едәуір кедергі болатын түрі бар. Осы террорлық оқиғалардың алдын-алуға Буш әкімшілігінде мүмкіндік бар ма еді?-деген сауалды аталған арнайы комиссия қарастыруда. Мысалы, комиссияның демократтар жағынан өкілдерінің бірі, бұрынғы сенатор Боб Керри мырза “Нью-Йорк таймс” газетіне жексенбі күні жазған мақаласында, ондай шабуылдардың алдын-алуға мүмкіндіктің болғандығына өзінің сенетіндігін айтты. Орталық Барлау агенттігі мәлімдемесімен қатар басқа да ұсынылған мәліметтер Буш мырзаға барлау жұмыстарын одан әрі тереңдете жүргізудің қажеттігіне мегзеп, жеткілікті дәрежеде ескертулер жасаған екен. Ал, белгісіз боп қалуды қалаған, АҚШ әкімшілігіндегі ресми өкілдердің Ассошиейтед пресс ақпарат агенттігіне айтуынша, елбасы күн сайынғы жұмысы барысында , әсіресе 11-ші қыркүйек оқиғасы қарсаңында, Әл-Қайда террорлық ұйымы жөнінде 40-тан аса рет ескертулер қабылдап отырған боп шықты. Тіпті елбасының жеке сұрауы бойынша, Орталық Барлау агенттігі Әл-Қайда ұйымының Құрама Штаттары ішінде шабуыл жасау мүмкіндіктері жөнінде арнайы құжат та әзірлеп берген екен. Ал, комиссиядағы республикашылар өкілдері елбасы Бушқа қолдау көрсетуге тырысуда. Мысалы, Жеймс Томпсонның айтуынша, Орталық Барлау агенттігінің ол мәлімдемесі Буш мырзаны қандайда бір шара қолдануға шақырмаған. Осылайша, комиссия мүшелерінде екі ұдай пікір қалыптасуда.
XS
SM
MD
LG