Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04 -15 - 2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қазақстан президентінің дәстүрлі жолдауы және Конституциялық кеңестің қарауына жіберілген “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” жаң заң төңірігендегі әңгіме мерзімді басылымдардың басты тақырыбына айналыпты.

Қазақстан президентінің дәстүрлі жолдауын жасағанына біраз уақыт өтсе де осы тақырыпты талқылау мерзімді басылымдардың бетінде үзбей жалғасын тауып келеді. “Ана тілі” апталығының бейсенбілік санында “Елбасы жолдауына орай” деген тақырыппен Ертай Айғылиұлының көлемді мақаласы жарық көріпті. Мақала авторы Президент жолдауының наурыз айында жасалғандығын айта келіп, онда ауыл шаруашылығына зор мән берілгендігін атап өтіпті. Мақала авторының айтуына қарағанда былтырғы жылы ауыл еңбеккерлерінің игілігіне 51,5 миллиард теңге, ал биылғы жылы 70 миллиард теңге бөлінген. Соның арқасында ет пен сүт өндіру өткен жылғымен салыстырғанжа 17 процентке, ал, ауыл шаруашылық өнімдері 9,5 процентке ұлғайған. Халықтың қажетінен тыс бес миллион тоннадан астам астық экспортқа шығарылған.

“Сөз” газетінің соңғы санында жарық көрген мәлімдемесінде Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин Президент Жолдауын талқылаудың еш мағынасы жоқ деп есептейтіндігін айтыпты. Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауда келтірген мәліметтерінің көбісі шындыққа үйлеспейді. Серікболсын Әбділдин мемлекет басшысы өзінің Жолдауында антиэкономикалық және антиқоғамдық заңдарды ақтап алғысы келді деп санайды. Бұған мысал ретінде Серікболсын Әбділдин мемлекет басшысының “осыдан бес жыл бұрын ешкімнің де ұлттық қорды құрғысы келмегендігін, ал, бүгін оны жұрттың қолдап отырғандығы ” туралы айтқан сөздерін мысалға келтіріпті. Серікболсын Әбділдин мемлекет басшысының бұл сөздерінің шындыққы үйлеспейтіндігін, қазақстандықтардың мемлекеттің осыншама мол қаржыны шет ел банктерінде ұстап отырғандығын қолдамайтындығын айта келіп, мұны мемлекеттік қылмыс деп санайтындығын білдірген. Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, Қазақстан Президенті жыл сайын өтірік айтып, халықты алдап келеді.

Сонымен қатар Конституциялық кеңестің қарауына жіберілген “Бұқаралық ақпарат құралдары” туралы заң жобасы төңірегіндегі әңгіме де мерзімді басылымдарда талқыланып келеді. Әсіресе “Ауыл”, “Ақ жол”, “Асар” және “Қазақстанның патриоттар партиясы” бұл заңға тиым салу туралы өтініш білдіріп мәлімдеме жасағаннан кейін, мерзімді басылымдар бұл тақырыпқа айрықша көңіл аудара бастады.

“МК в Казахстане” газетіне берген сұхбатында саясаттанушы Сәбит Жүсіпов түрлі көзқарасты ұстанатын саяси партиялардың бірігіп мәлімдеме жасауын маңызды саяси оқиға ретінде бағалап өтіпті. Сәбит Жүсіпов “егер осы партиялар заңның қабылдануына жол бермесе, олар қоғамның алдында өздерінің маңызды саяси күшке айнала алғандығын дәлелдей алады” деп пайымдайды.

Осы тақырыпты жалғастырған “Сөз” газеті аталмыш партиялардың бірігіп “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасын талқылауға қатысты дөңгелек үстел өткізгендігін хабарлапты. Адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтистің пайымдауынша, “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң биліктің саяси монополиясының ықпалында тұр. Мақала авторының айтуынша, мемлекеттік телеарналар ешқашан да оппозиция өкілдері мен халықаралық ұйым өкілдерінің айтқан сөздерін бермейді. Осы дөңгелек үстелге қатысқан Гүлжан Ерғалиева, қоғамдық телевидение құру туралы ұсыныс жасаған.

“Время” газеті де бейсенбілік санында осы тақырыпқа айрықша көңіл аударыпты. Америка Құрама Штатының Қазақстандағы төтенше, әрі өкілетті елшісі Лерри Нэппермен, және саясаткер Сейдахмет Құттықадаммен өткізілген сұхбатта да “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” жаң заң төңірегіндегі әңгіме кеңінен сөз болыпты.

Америка Құрама Штатының Қазақстандағы төтенше, әрі өкілетті елшісі Лерри Нэппер газет тілшісіне берген сұхбатында “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” жаң заңның керегі жоқ деп есептейтіндігін білдірген. Лерри Нэппердің айтуынша, бұл заңды тек шет ел тарапынан емес, сонымен қатар Қазақстанның өз ішінде де қатты сынға ұшырап жатыр. Оған дәлел ретінде Лерри Нэппер бұл заңды Қазақстан Журналистер Конгресінің де сынға алғандын мысалға келтіріпті.

Саясаткер Сейдахмет Құттықадам газет тілшісі Виктор Веркке берген сұхбатында егер, бұл заңға қол қойылса сайлаудың әділ өтетіндігіне сенбей-ақ қоюға болады деген ойын білдірді. Саясаткердің пікірінше бұл заң билікке сайлауда жеңіске жету үшін қажет болып отыр.

“Ана тілі” газетінің тілшісі Мырзан Кенжебай осы мәселеге байланысты өз ойын білдіріп, бұл заңға ең алдымен ұлттық мүддеге қарсы пиғылдылар наразылық білдіріп отыр дегенді айтыпты.
XS
SM
MD
LG