Accessibility links

Қырғыздың оппозициядағы тұлғасы Феликс Куловты түрмеден босатуды талап етушілер наразылық әрекеттерін одан әрі күшейте түсуде.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Қырғыздың оппозициядағы тұлғасы Феликс Куловты түрмеден босатуды талап етушілер қарсылық әрекеттерін одан әрі күшейте түсуде. Оның түрмеден таяу арада босатылуы мүмкін екендігі туралы қаусетті Әділет министрлігі жоққа шығарып отыр.

Куловтың көмекшілерінің бірі Емил Алиев осы аптада сөйлеген сөзінде оппозициялық басты тұлғаның бірі Кулов маусымның 1-де бостандыққа шығарылуы мүмкін, деген хабар таратқан болатын. Осыдан кейін-ақ аталған әңгіме төңірегіндегі қызығушылықтар өсе түскен еді. Алайда Қырғызстан Әділет министрлігі жанындағы түрмелер ісі бойынша департамент өкілі Сергей Сидоров мұндай қаусеттерді жоққа шығарды. “Кулов маусымның 1-де босатылады деген ойды Алиев айтты. Мұндай хабарды ол қайдан алған? Бұл оның қиялының жемісі болса керек. Министрлік басшылығы мұндай хабарды түбірімен жоққа шығара отырып былай дейді: департамент басшыларының бірде-бірі мұндай хабарды ешқашан таратқан емес, мұндай сөздерді айтқан емес-, деді Сидоров мырза.

1990-шы жылдары ол елдегі биік билік тұтқаларын қолында ұстап тұрды. Елбасы орынбасары, İшкі істер министрі, аймақ әкімі, Ұлттық қауіпсіздік министрі және Бішкек қаласының мэрі. Ал, 1999-шы жылы ол Ар-Намыс атты партия құрып, оппозицияға кеткен болатын. Кулов- Қырғызстан басшылығының жұмысын қатты сынға алған бірден-бір тұлға. Сонымен 2000-шы жылдың наурызында “қызмет бабын теріс пайдаланған” деген айыппен оның қамауға алынғаны белгілі.

2001-ші жылы жеті жылға түрмеге жабылып, ол аз болғандай, 2002-ші жылы “пара алғаны үшін” деген айыппен 10 жылға тағы сотталған болатын. Бұл әрекеттердің барлығы да ел ішінде және шетелдерде наразылық толқындарын туғызғаны айқын. Өткен жылдың желтоқсан айында түрмедегі камерасынан жолдаған сәлемінде Кулов мырза халықтың осыншалық қолдауы, оның адалдығына сенуі оған күш беретіндгін айтқан болатын. Оның қолдаушылары “аталған айыптардың барлығы да саяси мақсатта жасалып отыр. Және ол әрекеттер сыртында елбасы Асқар Ақаев тұр”,-деседі. Ал, Ақаев мырза болса, қылмыстық айыптаулардың Куловқа Бішкек әкімі боп тұрған кезде тағылғандығын айтуда. Бұдан төрт жыл бұрын Еуропадағы қауіпсіздік пен ықпалдастық ұйымы Куловтың босатылуын талап еткен болатын.

Алайда, таяуда Бішкекке келген сапарында осы ұйымның қазіргі төрағасы Соломон Пассу тарапынан Куловтың мәселесі мүлдем көтерілмеген екен. Осыған орай Кулов мырзаның жақтастары өз қынжылыстарын білдіруде. Адам хұқықтарын қорғау ұйымдарының пікірінше, тек Куловтың мәселесі емес, қазіргі кезде Қырғызстандағы адам хұқықтарының бұзылуына орай көптеген басқа да жайларға көзжұмбайлықпен қарау белең алып отыр. Бейсенбі күні жақтастары Куловтың түрмеге салынған жері- Шу аймағына қарай 48 шақырымдық жерді жаяу жүріп өтуге ниеттенген кезде олардың 18 өкілін полиция тұтқындаған екен. Көп ұзамай үш адамды босатқан. Ал, қалған 15 кісіні, рұқсат етілмеген шараға қатысты-, деп қамауға алған. Өткен жылдың қыркүйек айында Кулов мырзаға Еуропа Парламентінің бас жүлдесі- Сахаров атындағы сыйлық берілген болатын.
XS
SM
MD
LG