Accessibility links

Конституциялық кеңес “БАҚ” туралы заңды тыңдау бойынша өз жұмысын бастады


Қазақстандағы кейбір сарапшылар, үстіміздегі жылы қоғамда үлкен дау туғызған заңдардың бірі ретінде «Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы Заңды атап отыр. Бұл заңды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Конституцияға сәйкестігін анықтау үшін, Конституциялық кеңеске жібергеннен кейін, «Ақ жол», «Ауыл», «Асар» және «Қазақстанның партиоттар партиясының» өкілдері мемлекет басшысының атына мәлімдеме жасап, «БАҚ» туралы Заңның қабылдануына тиым салуын өтінген де болатын. Көкектің 16 күні Конституциялық кеңес «БАҚ» туралы Заң бойынша тыңдауды бастады. Бұл оқиға Қазақстандағы саяси партия өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің, сондай-ақ журналистердің арасында да түрлі пікір туғызып отыр.

Алтынбек Сәрсенбаев, «Ақ жол» партиясының тең төрағасы.

Билік дегеніміздің өзі бірнеше тармақтан тұратын дүние ғой. Сол тармақтардың арасында шамамен талас жүріп жатыр. Бұл заңсыз да өмір сүруге болады дейтіндер, заңға қарсы да, жоқ бұл заңды біз қалайда өткізуіміз керек, осы үшін біз көп жұмыс істедік, Парламентті көндірдік, қоғамдық ой-пікірде айқастық деген азаматтар, мемлекет басшысына осы заңның өтуіне жол бермеу керек дегенді айтып жатыр. Конституциялық кеңестің қарап, бірақ тұжырымды шешімге келмегені - осы күрестің әлі бітпегенін көрсетіп отыр. Демек, мемлекет басшысы әлі толық шешімге келген жоқ. Мемлекет басшысы толық шешімге келген күні, Конституциялық кеңес қажетті деген шешімді жазып, оған қосылады деп ойлаймын.

Уәлихан Қалижан, Мәжіліс депутаты.

Мен өз басым «БАҚ» туралы жаңа заң жариялылыққа, ашықтыққа кері әсер етеді дегенмен келіспеймін. Өйткені бұл Заңда барлық мәселелер қамтылған. Құрылтайшының міндеттері, бас редактордың міндеттері, жауапкершілігінің бәрі де бұл заңда айқын көрсетілген.

Менің ойымша, кез-келген «БАҚ» өзі жазған материалға жауап беруі керек. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп не болса соны бере беруге болмайды. Ол кезеңнің уақыты кетті. Құр айқайдың заманы өтті.

Сергей Дуванов, журналист.

Менің ойымша, алдағы уақытта уақиғалар тізбегі екі бағытта дамуы мүмкін. Билік сөз бостандығын тұншықтыру үшін жасалып жатқан саясатын одан әрі жалғастыру үшін, бұл заңды сол күйінде қабылдауға күш салады. Немесе билік қулық жасап Жер туралы заң секілді бұл заңды да Парламентке қайтарып беріп, оның жұмсартылған үлгісін қабылдатқызады. Бұл жағдайда Президент қоғамның алдында әділетті болып көрінуге тырысады. Менің ойымша Президент халықаралық аренадағы беделін көтеру үшін, мұндай қадамды алдағы келе жатқан медиа-форумның алдында жасауы әбден мүмкін.

Азат Перуашов, Қазақстанның Азаматтық партиясының жетекшісі.

Демократияның стандарттары негізінен қандай болуы керек? . Сөздің еркіндігі. Менің ойымша бұл нәрсе заңда бар. Екіншіден азаматтардың құқығын сақтау да Заңда қамтылған. Негізінен «БАҚ» туралы заң демократиялық стандарттарға сәйкес келеді.

Айдос Сарым, «Жас алаш» газеті бас редакторының орынбасары.

Бір жағынан бұл заңға қол қоюға ынталы топтар бар екендігін жасыруға болмайды. Бірақ басқа жағынан алғанда «БАҚ» туралы заңның ішкі және сыртқы жағдайда үлкен дау туғызып отырған тұстары да жеткілікті. Дегенмен мен білетін Конституциялық Кеңес болса, олар «БАҚ» туралы заңда ешқандай ақау жоқ, Конституцияға сай келеді деп баға береді. Осыдан кейін барып бүкіл жауапкершілік пен үміт тек қана Президентке келіп тіреліп отыр. Егер де ол кісі Қазақстанның демократиялық кұштері, сондай-ақ Батыстың сын-ескертпелеріне құлақ асатын болса, «БАҚ» туралы Заңның қабылдануына тиым салуы қажет деп ойлаймын.
XS
SM
MD
LG