Accessibility links

Заманбек Нұрқаділов Қазақстан президентінің үстінен сотқа шағымданды


Сейсенбі күні Заманбек Нұрқаділов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Алматы қаласының Медеу аудандық сотына берді. Бұл жөнінде Нұрқаділовтің өзі былай дейді:

“Конституция бойынша біздің арымыз да, бетке ұстарымыз да президент болатындықтан, Америкада президентке айып тағылуы немесе сотталуы халыққа тағылған айып. Сондықтан, мен Қазақстан президентінің орнына кетіп, Америка сотына жәй қарапайым азамат ретінде баруын талап етемін. Екіншіден, Америка соты президенттің шоттарын және соған қатысты шоттарды жауып қойды. Сол миллиардтаған ақшаның барлығы халықтың ар-намысына тигені үшін халыққа қайтуы керек деген талап”.

Талап-арызда Заманбек Нұрқаділов өз өтініштерін қанағаттандыру үшін Азаматтық кодекстің 951, 952-ші баптарына сілтеме жасайды.

Ескере кететін бір жәйт, дәл осы өтінішті бірнеше сағат бұрын Нұрқаділовтің адвокаты Серік Сәрсенов Медеу аудандық сотына өткізбекші болғанда, сот кеңсесі қабылдамай, сот төрағасы Ерхан Тотыбайұлына жіберген болатын. Ал ол: “президент соттауға жатпайды” деп өтінішті кері қайтарған. Кеңсе қызметкерлерінің де, сот төрағасының да әрекетін адвокат Серік Сәрсенов “Азаматтық кодекс нормаларының және Нұрқаділовтің азаматтық құқығының бұзылуы” деп қабылдаған болатын. Ал сот кеңсесінің меңгерушісі Галина Пашаевна:

“Өтініштерді қайтару деген мүмкін емес. Барлық өтініштерді біз қабылдаймыз”, - деп таңырқаса, сот төрағасы “Азаттық” радиосының тілшісін қабылдаудан бас тартқан.

Алайда, осы оқиғадан екі сағат өткеннен соң Заманбек Нұрқаділовтің өзі аудандық соттың төрғасынмен кездескеннен кейін Қазақстан президентінің үстінен жазылған шағым-арыз қабылданды.

Бұл жағдайды Нұрқаділовтің өзі былай түсіндіреді: “Өйткені, қазір президентті соттап, орнынан алып тастайды деген әзірше үмітте жоқпын. Себебі, ол соттың қарауына енді түсті. Дегенмен, Қазақстан азаматы ретінде менің арызымды міндетті түрде қабылдауы керек.”

Нұрқаділовтің адвокаты Серік Сәрсенов компьютерлік әдіспен бұл іске төреші ретінде Сарлыбаева деген қызметкердің белгіленгенін айтты. Адвокаттың айтуына қарағанда, “төреші төрт шешімінің бірін қабылдауы мүмкін: істі өндіріске қабылдауы немесе бас тартуы, қайтарып беруі яки істі қозғалыссыз қалдыруы. Бұл шешімдердің бірін қабылдау үшін бес күн уақыт беріледі, - дейді адвокат Сәрсенов.

Сондықтан, адвокаттың айтуынша, Заманбек Нұрқаділовтің президенттің үстінен берген талап-арызына орай “шешім дүйсенбі күні қабылданатын болар”.
XS
SM
MD
LG